Жезді кентінде жаңа мешіт ашылды

Айт мейрамының алғашқы күні Жезді кентінде құрылысын марқұм Тағанбай қажы ШАМБҰЛОВ бастап беріп, оның ұрпақтары тиянақтап шыққан Ақбай баба атындағы жаңа мешіт ашылды. Салтанатты рәсімге аудан әкімі Советбек МЕДЕБАЕВ, Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы діни сараптама бөлімінің меңгерушісі Нұрлан қажы ҚАЙЫРБЕКОВ және басқа да ресми тұлғалар қатысты.

 

Шырайлы шара Сәтбаев мешітінің азаншысы Сағындық қари Мұхиденұлының құран оқып, облыстық Әнет баба мешітінің найб-имамы Қоныскерей қажы Құмарұлының бата беруімен басталды.

Кент тұрғындары мен қонақтарын Советбек Тұрсынұлы ақжарыла құттықтады. Құттықтаулар легін одан кейін ҚМДБ өкілі Нұрлан Ефратұлы, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС филиалы «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігі Бас директоры Бауыржан Баймұқанов, Тағанбай қажының замандасы Қадыр қажы Үңгітбаев пен жиені Сәлімжан Әуезов жалғастырып, Жезді жұртшылығына ыстық лебіздерін арнады.

Алыс-жақыннан тілеулес ағайын дүмеп келген басқосу барысында мешіт құжаттарын әзірлеуге атсалысып, құрылыс жұмысына қолұшын созған азаматтарға лайықты құрмет көрсетілді. Түрлі деңгейдегі ресми тұлғалар мен ауыл белсенділері мешітке сый-сияпаттарын тарту етті.

Келбеті келісті имандылық ордасының лентасын салтанатты жағдайда қию рәсімін аудан әкімі Советбек Медебаев, ҚМДБ бөлім меңгерушісі Нұрлан Қайырбеков және Ақбай бабаның шөбересі Тұрысбек Қожахметов жүзеге асырды. Содан кейін жаңа мешітте алғашқы намаз оқылды. Арнайы ас беріліп, ата-бабалар рухына дұға бағышталды.

Өз тілшімізден.