Қадір түні – мың айдан қайырлы

Пайғамбарымызға өзінен бұрынғы адамдардың өмірлерінің қандай болғандығы білдірілгенде өз үмметінің өмірлерінің қысқа екендігін көрді. Өмірлері ұзақ болған бұрынғы үмметтердің орындаған салих амалдарын өз үмметі орындай алмайды деп ойлаған кезінде Алла Тағала «Қадір түні сенің үмметіңдікі» деп ардақты елшіміздің көңілін жайландырды. Сол нығметке толы Қадір түні сәуір айының 27-і мен 28-не қараған түні болды.

Бүкіл мұсылман қауымы қасиет тұтатын Қадір түнін ұлытаулықтар да қарсы алды. Әуелі мешіт жәмиғаттары «Ұлытау» асханасында ауызашар берді. Ауызашардан соң қасиетті түннің шапағатын алуға ниет еткен жандар мешітке жиналды. Құран-Кәрімнің хатын шығаратын Тарауих намазына жығылып, таң намазына дейін уағыз тыңдады. Мешіт имамы Жанболат Рахымбердиев Ислам діні мен Қадір түнінің қасиеті жайында мол мағлұмат берді.

Жылдағы дәстүр бойынша мешіт залында дастархан жайылып, сәресі берілді. Бұдан соң мешітке жиналған барлық жәмиғат таң намазын оқыды.

Қайрат ЖҰМАБАЙ