Тарихы терең, танымы зор мереке

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні. Бұл мереке Тәуелсіз ел тарихындағы ерекше күннің бірі әрі бірегейі. Өйткені ол – бірлік пен достықтың шынайы көрінісі. Барша қауымның жүрегінен орын алған осы мерейлі мерекені Қазақстан халқы ерекше көңіл күймен атап өтеді.

Түріміз басқа болғанымен, тілегіміз бір, жүзіміз басқа болғанымен, жүрегіміз бір адамдармыз. Баршамызды айрандай ұйыған біртұтас ел ететін маңызды фактор, ол – бірлік. Елдегі ұлтаралық қарым-қатынасты нығайтудың бірден-бір жолы – осы. Бір-бірімізді бауыр тартып, ынтымағымызды нығайта білсек, қарапайым адам үшін одан үлкен ізгілік жоқ.

Мерекенің басты мақсаты да сол – өскелең ұрпақты достықты қадірлеуге үйрету. Сондықтан бұл мерекенің маңызы үлкен, тарихы терең. Кәрі тарихтың сарғайған парақтарын ақтарып қарар болсақ, 1 мамыр мейрамын атап өту ең алғаш сонау Италиядан келгенін көруге болады. Осыдан үш мың жыл бұрын ежелгі Италия тұрғындары жердің қамқоршысы әйел құдай Майяға табынған екен. Соның құрметіне көктемнің соңғы айын «май» деп атап, осы айдың бірінші күнінде серуендер өткізіп, тойлаған. Ал, 1886 жылдың 1 мамырында АҚШ-тың жұмысшылары 15 сағаттық жұмыс күніне қарсы ереуіл ұйымдастырып, зауыт басшыларынан жұмыс күнін 8 сағат деп белгілеуді талап еткен. Наразылық білдіру әрекеттері 4 күнге созылды. Нәтижесінде, ереуілге қатысқан жүздеген адамдар тұтқындалып, алты жұмысшы мерт болды, 50 адам жарақат алды. Жұмысшылар үшін тіпті мұның өзі кедергі болмады.

1889 жылдың маусымында Париждегі ІІ Интернационалдың І Конгресі 1 мамырды — 8 сағаттық жұмыс күні үшін Халықаралық күрес күні немесе Еңбекшілердің халықаралық ынтымақтастық күні деп атау туралы шешім шығарды. Ресей империясында бұл мейрам 1890 жылы жұмысшылардың ереуілге шығуы ретінде аталып өткен. Бір жылдан кейін Петербург қаласында бірінші «маевка» (төңкеріске дейінгі Ресейдегі еңбекшілердің революциялық құпия жиналысы) ұйымдастырылды. 1897 жылдан бастап «маевкалар» саяси сипатқа ие болып, жаппай демонстрациялармен қатар өтті.

1917 жылдың 1 мамырында бұл мереке алғаш рет ашық тойланды. Елдің барлық қалаларындағы миллиондаған жұмысшылар Коммунистік партияның «Барлық билік кеңестерге берілсін!», «Министр-капиталисттердің көзі жойылсын!» деген плакаттарымен алаңға шықты. Кеңес Одағында Еңбекшілердің ынтымақтастық күні мемлекеттік мереке болып табылып, сән-салтанатпен атап өтілді.

1 және 2 мамыр күндері демалыс күндері болды. Қазіргі таңда Ресейде бұл мейрам өзінің бастапқы саяси мағынасынан айырылып, Көктем және еңбек күні болып саналады. 1 мамыр мерекесі 1990 жылы Еңбекшілердің ынтымақтастық күні ретінде тойланды.

Тәуелсіз Қазақстанда мейрам 1996 жылдан бастап тойланады. 1 мамырды Қазақстан халқының бірлігі күні деп жариялау туралы бұйрыққа Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1995 жылдың 18 қазанында қол қойып, Еңбекшілер күнін тойлаудан бас тартты.

Бұл күні Қазақстан Республикасында тұратын халықтарды бірлікке, ынтымаққа ұйытатын мерекелік шаралар өткізіледі. Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Елде 150-ден астам ұлт пен ұлыс өкілдері бір тудың астында тату-тәтті ғұмыр кешуде.

Ғаламтор желісінен.