Жерлесіміз Таразға бет алды

 Өткен аптаның соңын ала қасиетті Түркістан жеріне табаны тиген Сәрсенбай Оспанұлы қасиетті жұма күні Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың кесенесіне барып, зиярат жасады. Бұдан соң Әзірет-Сұлтан мемлекеттік музей-қорығының директоры Мәулен Садықбеков жиһанкез жерлесімізді 70 шақырым жердегі киелі Арыстанбаб бабамыздың басына апарып келді.

23 сәуірде жиһанкез шырайлы Шымкент қаласын бетке алды. Жол бойы ол Достық, Екпінді ауылдарында қонып, жергілікті халықтардың қошеметіне бөленді. Ал, сәуірдің 26-сы күні Сәрсенбай ақсақал Шымкент шаһарының қақпасына кірді. Жерлесімізді «Айғақ» және «Отырар» телеарналарының өкілдері қарсы алып, сұхбат алды. Кешке «Туризм, охота и рыбалка» қоғамдық ұйымының қызметкерлері қонақ етіп, табиғат аясында кешкі ас берді.

– Сәрсенбай ақсақал 27 сәуір күні таңертең Шымкенттен Таразға жолға шықты. Жолдың бастапқы 7-8 шақырымдайы ескілеу болғанымен әрі қарай өте керемет екен. Тек биікке өрлеп, төменге ылдилап жүріп отырды. Жолда Машат асуынан асып, 42 шақырымды кешке дейін еңсеріп тастаған Сәрсенбай аға, табиғаты сұлу Түлкібас ауданы Кершетас ауылының іргесіндегі осы ауыл атауымен аталған кафеге тоқтап, сонда түнеді. Ертесіне жиһанкез Шымкенттен 60 шақырымдай жерде орналасқан Түлкібас ауданына қарасты Жаскешу елдімекеніне жетті. Оны ауыл әкімі Елжан Аманов ауылдастарымен бірге құрметпен қарсы алып, жылқышы Байбол Қалымбаевтың кафесінен қымыз ұсынып, түскі ас берді. Түскі астан соң, ақсалақ Таразды бетке алды, – дейді Сәрсенбай Қотырашовтың күнделігін жүргізіп, елді жиһанкездің сапарымен таныстырып отырған Баян Шайгөзова.

Ізтай Белгібайұлы