Пойызда дүниеге келген сәби
Күні кеше Қоскөл ауылының тұрғыны Жүзбай Нұртазинов отбасында тамаша жаңалық болды. Мұны естіген жұрт ауыл болып қуанды. Әрине, қуанатындай жағдай. «Жезқазған-Қызылорда» жолаушылар пойызында Жүзбайдың зайыбы Алтынай Батырбаева босанып, өмірге алтын асықтай ұл әкелді.
Әңгімені басынан бастасақ, Алтынай жүктіліктің 35 аптасында толғатып, Қоскөл ФАП-ның медбикелерін шақырады. Хабарды естіген медбикелер оны мыс қаласындағы перзентханаға жеткізуді ойлайды. Көп ұзатпай келіншекпен келісімге келіп, жедел жәрдем көлігімен емес, пойызбен баруды ұйғарады. Өйткені, шаһар орталығы ауылдан 320 шақырым қашықтықта болғандықтан, әрі жолдың нашарлығын ойлана келе медбикелер Алтынаймен бірге пойызға отырады. Бірақ, шамалы уақыттан соң, келіншек босанып, салмағы 2,870 грамм, бойы 53 сантиметр шекесі торсықтай батыр дүниеге келеді. Сәбидің кіндігін тәжірибелі медбике Райхан Біралина кесіп кіндік шеше атанады. Сөйтіп, медбикелер Райхан Біралина мен Тоғжан Мүгір Қоскөлге сүйіншілі хабарын жеткізеді.
Осы тұста айтпағымыз, ақ халатты абзал жандардың еңбегі орасан. Оларға «қоскөлдіктер» алғысын жаудырып, ақсақалдары ақ батасын беруде. Қуаныштың жалғасы шілдехана тойына ұласып нәрестенің есімін Ислам қойыпты. Бұған біз де қуанып, бауы берік болсын, деп тілек тіледік.
Қайрат ЖҰМАБАЙ