Қазақтың сегіз қырлы, бір сырлы Қанышы
Жанында тұрсаң, биіктігі байқалмайтын, алыстай түссең, алып шың тәрізді айқындала түсер Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың есімі ұлттық мәдениетіміз бен тарихымыздан лайықты орын алғаны ақиқат. Қажымас ізденімпаз әрі қабілетті ұйымдастырушы Қ.Сәтбаев жаңа Қазақстанның шаңырағын көтерушілердің алғы сапында көзге түсті. Ол уақытының денін Қазақстандай алып республиканың әр алуан кен қазбаларын геологиялық барлау мен зерттеуді ұйымдастыруға жұмсады.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын…» демекші, өткен ғасырдың соңында көшпелі қазақ ауылында дүнеге келіп, ілім-білім жолында тынбай әрекеттенгені, талмай еңбек еткені жайында жазу – биік шыңның етегінде тұрып, оның асқақ бітімі туралы болжам айтқанмен бірдей іс.
Ұлт тарихындағы үлкен нышанның бірі – көшпелі қауымның арасынан ірі ғалымдардың шыққандығы. Соның бірі әрі бірегейі – Қаныш Сәтбаев. Ол 1899 жылы 12 сәуірде Павлодар облысы, Баянауыл ауданында, Имантай бидің отбасында дүниеге келді. Азан шақырып қойған есімі – Ғабдул-Ғани. Қазақ КСР Ғылым академиясын ұйымдастырушы және оның тұңғыш президенті. Кеңес одағының және Қазақстанның металлогения мектебінің негізін қалаушы, қазақтың тұңғыш академигі.
Жұртшылықтың мақтаны болған, кеңес ғалымдарының түрлі буындарының ең алдыңғы қатарында қадірлі орын алатын тұлға – Қаныш десек, қателеспейміз. Балалық шағы шалғайдағы ауылда, ата-анасының қасында, оқу-білімсіз бақташылар ортасында, мал соңында өскен бала төрткүл дүние мойындаған ғалымға айналды. Бұл – қазақ үшін қымбат айғақ.
Қаныштың анасы Нұрым апай ұлының не үшін тасқа құмарлығын ұғынбаса да, бетіне жел болып тиген емес. Тек балалықтың бір салдары бар шығар деп ойлаған. Жұрт шырт ұйқыда жатқанда, рюкзагын ыңғайлай бастаған ұлына «Құлыным, Қаныш тамақ іш, қарның ашып қалар» деп үйдегі дәмді тамағын аузына тосып, жолына қажетті азықты салып беріп отырған. Ана жүрегі үлкен ғой. Үйден шыққанда көзбен ұзатып, соңынан ұзақ қарап тұрады екен. Адам болуын, азамат болуын тілеп тұрған-ау, сыңайы. Әйтеуір, ұлы әбден ұзап кеткенше, ол кісі үйіне кірмейтін көрінеді. Шіркін, ана махаббаты қандай шексіз… Үйден ас әкететін, таудан тас алып келетін Қаныш осылай ержетті.
Қаныш өзінің ең бір қызықты кезі – жігіттік шағын Жезқазған, Қарсақбайда өткізді. Жік салмай, жібін үзбей, он бес жыл Жезқазғанның барлық кен байлығын зерттеді. Сарыарқаның кең даласын, киіз үйлі ауылдарды кезіп өтіп жүргенде ол бір түкпірге зер салды. Сол жерден әлем білмейтін байлықты алып шықты. Сол мақсатқа қайрат-жігерін, білімін, өмірінің қуатты кезеңін жұмсады. Кедергілерді еңсерді, түпкі межесіне жетті.
XIII ғасырда соғып өткен бір кезбе: «Мұнда байлық жатыр» деп кетіпті. Сол жердің атын Жезқазған деп қойыпты. Сәті түскен шағында жезді өлкеде қызу жұмыс басталады. Білім-сана нұры бар, келбет-көркі келісті, бар болғаны 27 жасқа келген жігіт өзінің құрамы шағын ғана тобымен іске кірісіп кетеді. Жым-жырт жатқан Жезқазған сол жылдары қайта түлей бастады. Оны көп жерде, көп білуге айналды.
Қаныш тек мыс кенін ғана зерттеумен тиылмады, Арқаның Қарсақбай атты атырабында басқа қазынаны да ашты. Байқоңыр, Қияқты сынды мекендерден көмір де тапты. Еспедей, елеусіз қалған жерлерден есілген талай қазына ошағын тапты. Заводқа мол қор болардай темір, марганец кендерін ашты. Үй салуға аса қолайлы тасты, топырақтың асылын, мыс қорытқанда қоспа болып, себі тиетін тағы бірнеше қосымша кен көзін тапты.
Қаныш ірі ғалым, іскер басшы ретінде танылды. Ұлағатты ұстанымдары мен адамгершілік тұрғыда асыл қасиеттері бар Қаныш Совет дәуірінің тәрбиесін алып, мемлекет қайраткері дәрежесіне жетті, үлгілі азаматтардың бірі болды. Кейінірек, Қарсақбай, Жезқазған тарихы туралы шолуын аяқтап, әдебиетке көшті. Әдебиет маманы болмаса да, академик жалпы әдебиетті, әсіресе, өндіріс тақырыбында жазылған көркем туындыларды жақсы көрді. Жас кезінде театрмен әуестенгені, ауыл жастарының концерттік кештеріне қатысып жүргені мәлім. Мұның өзі тегін емес…
Қаныштың қазақ әдебиетін, қазақ әндерін терең білетіндігі «Қазақстанның ұлт театры туралы» тақырыбымен жазған алғашқы мақаласында айқын көрініс берді. М.П.Русаков: «Поэзия мен музыкадан да көп хабардар Қаныш автомотордың бейнебір сүйемелдеуімен өзі ән салып, бізді қазақ әндерімен таныстырушы еді» деп жазды.
Қаныш Имантайұлы халықтың музыкалық творчествосын жақсы білді. Ол Үкілі Ыбырайды, Майра мен Жаяу Мұсаны көзімен көрген, олардан көптеген ән үйреніп, сол әндерді үйінде айтып отырған. Домбыра мен гитарада жақсы ойнаған. Тек қазақ әндерін ғана емес, украин әндерін де орындаған. Оның жақын достары Иса Байзақов, Қалибек Қуанышбаев, Әміре Қашаубаев, Елубай Өмірзақов және басқалары болды. Бұл азаматтардың бәрі Қаныштың үйіне емін-еркін кіре беретін және ол достарын құшақ жая қарсы алған.
Өзі білетін халық әндерін қазақ музыкасын жинаушы А.В. Затаевичке айтып берген. Ол одан 25 ән жазып алып, Москвада жарық көрген «Қазақтың 500 әні мен күйі» деген іргелі еңбегіне енгізді. Міне, осыдан-ақ, Қаныштың өз халқының музыкалық фольклорын көп білетінін аңғаруға болады. Сол әндер Қанышты туған елінің фольклорын, оның әртүрлі идеялық мағынасын тамаша ұққан адам ретінде танытады. Сәтбаев шырқаған ән тау бұлағының сан құбылған дауысындай сыңғырлап таза естіледі екен. Соған қатысты А.В.Затаевич «Қаныш Сәтбаев – Томск технологиялық институтында білім алған жас қазақ инженері. Бұл жинаққа әуен мен саз саласында бірсыпыра өте бағалы хабарлама жасап қана қоймай, сонымен бірге ән текстерін беріп, олардың орысша аудармасын жасаған тамаша білгір, Баянауыл әндерінің жақсы орындаушысы!» деп жазған.
Қаныш Имантайұлы Затаевичті қатты жақсы көріп, сыйлаған. Құрметтеп, отбасына қамқорлық танытып тұрған. Оның архивін қымбат қазына көрген Қаныш Ғылым академиясы қорына табыс еткен.
Ғалымның жасампаз еңбектерінен ақын үнін есту тек поэзия тұңғиығына бойлаған, жан-жүрегін өлең тебіренткен адамның ғана қолынан келеді. Егер ғалымның серіктері мен ізбасарларының лебіздеріне зер салатын болсақ, онда біз Қаныштың халық поэзиясын, ән мәдениетін, эпикалық поэмалар мен аңыздарды көп білгенін жазбай танимыз. Байтақ даладан жерасты қазыналарын іздеуден бөлек, ол өз ұлтының рухани байлығына да кенелді.
Оның алғашқы мақаласы «Еңбекші Қазақ» газетінде жарияланған еді. Ол мақала ән-толғаулар туралы болды. Кейін «Қазақтың ұлттық театры туралы» деген мақаласы жарық көрді. Бұл еңбегі бүгінгі күнге дейін өзінің құнын жоймай келеді. Сонымен бірге, Қаныш хорды сынға алды, жалпы еуропалық жүйені білу керек екенін атап көрсетті. Одан би, театр тақырыбы жалғасын тапты. Ол: «Қазақ елі мысқыл мен әзілді бағалайды. Сондықтан қазақ ұлт театрында келешекте осы күлдіргі сөз жоғары сатыға қойылар деп сенуге болады» деп жазды. Бұдан тысқары, «Біріншіден, театр ол – ел өмірінің түзу айнасы, екіншіден, театр – ел міндерінің құрылу тезі, төреші ұстазы, үшіншіден, театр – қазақтың салт-сана, күй сарындары сияқты мәдени өнер кендерінің терең ошағы, ұйытқысы» деген тұжырым жасады.
Сол жылдары ол қаһармандық эпостарын, ауыз әдебиеті мен жазба әдебиет туындыларын жинап, зерттеу ісімен айналысты. Оның мақалалары «Дружба народов», «Жұлдыз», «Простор» журналдарында, «Литературная газета», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде бірінен соң бірі шыға бастады. Қаныш республикадағы ғылымның дамуы туралы ой толғағанда да мәдениет пен өнер жайын естен шығарған емес.
Қаныш пен оның ағаларына өнерді, әдебиетті, музыканы қадірлеу – әкелерінен мирас болған іс. Имекеңнің (әкесі) өзі де жас күнінде әнші серінің бірі болған. Қаныш бала күнінде Әбжан, Әубәкір, Сұр Омар есімді атақты қарт әншілер шырқап салған әндерді тыңдап өседі. Олардан домбыра шертуді үйренеді, солардың мәнерімен айтылатын тамаша әндерді жадында берік ұстайды. Сонымен қатар Қанышқа тікелей әсер еткен адам Кәрім Сәтбаев еді. Семейде оқып жүргенде домбырамен қатар, гитара, скрипка, мондолин тартуды үйреніп, ағасы Кәріммен бірге қазақ әндерінен концерт береді. Бұл концертті ағайынды музыканттар каникулға шыққан ауыл жастарына көрсетіп, оларды оқуға, мәдениет дүниесіне талпындырады. Музыкамен қатар Қаныш өнердің бір түрі – биді де қатты қадірлеген. Мазурка, вальс, полька билерін ол кездегі қазақ жастарында бұлардай ешкім билемеген деседі. Қаныштың би өнерін жақсы көргені сонша, Кисловодскіге барған сайын осы күнгі жаңа билерді фокстрот, танго билерін үйреніп, оларды әдемі билейтін болған. Сол себепті, Горький атындағы санаторий карнавалында бірінші жүлде иегері атанады.
Қаныш Сәтбаевтың хатшысы Сіләмхан «Қаныш сегіз қырлы, бір сырлы» азамат болатын. Семей және Павлодар жақтың әндерін жақсы орындайтын. Әнге әуестігі атаның қанымен берілген қасиет болар, сірә, әкесі Имантай, атасы Сәтбай да өнер десе ішкен асын жерге қоятын. Жаяу Мұсаның әнін өзінен тікелей үйренген. Домбыра шертіп «Мақпал», «Салайын», «Қорланды», тағы басқа әндерді әуелетіп шырқаған. Ол әндерді жай айтып қоймай, тарихын өте жақсы білген, шебер әңгімелеп айтып берген. Соның бірі – бозбала шағында ұнатып айтқан әні Едіге бидің ұрпағы Мұсаның әні «Бүркітбай» екен.
Қаныш Керекуде Жүсіпбек Аймауытовпен бірге оқыған. Екеуі Семей сахнасында бірі мондолин тартса, бірі домбыра шерткен. Қ.И. Сәтбаев Крыловтың Абай аударған «Бұлбұл мен есек» өлеңін жатқа айтса, Жүсіпбек бірқатар көрініске қатысқан.
Бірнеше қазақ әндерінің мазмұны, мәтіні аударылып, нотаға түсуі, рояльдің сүйемелдеуімен орындалуы қазіргі күні оңай, әрине… Алайда 1926 жылдан бастаулары енді-енді қалыптаса бастағанда Қаныштың көркемсөз, өнер мен ғылымның қатар өрлеуін сол кезде мақсат еткені айтпаса да түсінікті.
Қаныштың ән өнерін қастер тұтуы – бүгінгі жастарға үлгі. Ол өмірінің қиын-қыстау кезіне қарамай, білім жолында денсаулығын сарп етті. Сын сағаттарда адамгершіліктің биік үлгілерін көрсетті. Бұл қоғамда Қаныш сипатты адам бола береді дейсің бе? Оны жарық дүниеге алып келген ата-анасынан айналсаңшы… Мүмкін, жүз жылда бір рет өз халқының даңқын шығаратын аса көрнекті, тамаша адамдар – әскери көсемдер, ақындар, кемеңгер сәулетшілер туатын шығар. Егер Қаныш бұдан жүздеген жылдар бұрын өмір сүрсе кім болар еді? Мұны кесіп айту қиын. Кейбір ғалымдар өз саласын ғана жете біліп, өзге дүниеден азғантай мағлұматтармен жүре береді ғой. Ал Қаныштың олай болмағаны анық. Ол жан-жақты ғалым, көркем әдебиетті көп білген, өнердің сан саласына ой жіберіп, жақсы пікір білдірген. Сөзге де сараң болған. Өз білгенін орынсыз айта бермеген.
«Көңіл жүйрік пе, әлде, көк дөнен жүйрік пе?» деген ескіден қалған мәтел бар. Қазір көңілдің, қиялдың жүйріктігін көк дөненмен салыстыру – күлкілі. Бірақ бұл өз нақыл – өз заманының жемісі. Бұдан жүз жыл бұрын көк дөненнен жүйрік не болған? Әр нәрсенің өз жайы, қайыры бар. Заманына қарай адамы. Кез-келген адам – өз қоғамының кішкентай бөлшегі. Біреу оның жақсы жағын тізбелесе, енді біреуі жағымсыз жағын сөз етеді. Менің қиялымда Қаныш аға қазақ халқының жомарттық, ақ жарқын, аңғалдық, сабырлық, бір істі бастаса соңына дейін апару, еңбексүйгіштік қасиеттері түгелімен бойынан табылатын, шығыс, батыс, орыс мәдениеттеріне емірене барған, санасына олардың тек жақсы жақтарын сіңірген және осы қасиеттерді тек халық игілігіне жұмсауға өзіне өзі іштей серт беріп, нәтижелі іске бел буған ұлы адамның бейнесін елестетеді.
Сан салалы сыры, есепсіз қыры бар ұлы тұлғаға баға бере сөйлеу – тым ауыр және оған тәуекел етушілер әзірге бірен-саран ғана. Уақыт озған сайын өз халқының тұңғыш ғылым академиясында адамзат қалыптастырған білімнің бар ауыртпалығын алғаш қабылдаған ғалымның аты аңызға айнала түседі. Өйткені Қаныш Сәтбаев сияқты ғұлама ғалым дүниеге сирек келеді.
Ақтоты ӘЛТАЙ,
№4 Қаракеңгір орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.