НАУРЫЗКӨЖЕ – ҰЛЫС ДӘМІ
Наурыз – Шығыс күнтізбесі бойынша жыл басы болғанымен, бұл – ырыс пен ынтымақтың, ізгілік пен түсіністіктің мерекесі. Елдің бірлігін сақтап, туыс-туғанның басын қосып бауырластыққа, татулыққа шақыратын мейрам. Мерекеде әр шаңырақ наурызкөже пісіріп, ақ толы тостағанын босағадан аттағанның бәріне ұсынған. Бүгінде осы үрдіс Борсеңгір ауылындағы Данияр КӘРІБАЕВТЫҢ ұрпақтары арасында сақтаулы. Бұл әулет ғасырдан астам уақыттан бері мерекеге наурызкөже дайындауды дәстүрге айналдырған киелі шаңырақтың бірі.
Әңгімені әріден бастасақ, хас шебер Данияр Кәрібаев бұзау терісінен кебеже жасап, оны көзі тірісінде зайыбы Жұмаділдаға сыйға тартады. Сол кебежеге шебердің бәйбішесі желтоқсан айында сойылған малдың етін сақтапты. Келесі жылы көктемде сүр етті асып ауылдастарын наурызкөжеге шақырады екен. Бұл – 1915 жыл болса керек. Содан бері қаншама жыл өтсе де игі дәстүр Наушарбан мен Шамбыл әулетінде әлі жалғасуда. Қазір де жарасым тапқан жарқын істі келіні, бүгінгі үлкен әулеттің әжесі Рахия Бірмағанбетқызы кейінгі толқынға үйретуде. Наурыз мерекесі қарсаңында кебежеден сойылған малдың сүр етін шығарып, мұнымен қоса құрт, ірімшік, жент басқадай ұлттық тағамдарды дайындап, дастарқанға қояды. Қара қазаннан табақ-табақ ет тартылып, наурызкөже ұсынылады. Жыл сайын Даниярдың немересі Сапардың шаңырағында атадан балаға мирас болған дәстүр әдемі жалғасуда. Ол үйде наурыздың 18-і күні міндетті түрде қазан толы көже әзірленеді. Әсіресе, Рахия әже ұлттық мейрам – Наурызды өзіндік сән-салтанатымен, жөн-жоралғыларымен атап өткенді жөн санайды.
– Біздің әулет ұлық мерекені наурыздың 18-нен бастайды. Борсеңгір ауылының барлық тұрғындары алдымен наурызкөжеге Данияр пірәдардың шаңырағына барамыз деп қомданып отырады. Өйткені, біздің әулет өткен ғасырдың басында-ақ наурызкөже пісіруді қолға алыпты. Менің де осы әулетке келін болғаныма 61 жыл толды. Содан бері наурызкөже пісіруден қол үзген емеспін. Жылдағы әдетіммен сүрленген ет, тары, күріш, құрт, айран, май (қойдың құйрық майы), тұз қосып көже әзірлеймін. Айта кетейін, наурызкөже тек осы әдіспен ғана әзірленбейді. Әр өңірдің тұрғындары әр түрлі тәсілмен даярлайды. Негізінде, көжеге жеті түрлі дәм қосылады.Түркі халықтарының ұғымында жеті қасиетті сан саналған ғой. Сондықтан жеті түрлі тағамның да болуы осыған байланысты. Кейде наурызкөже құрамы жеті түрлі дәмнен артық болуы да мүмкін. Бірақ, дәм тақ сан түрінде болады. Оның себебі, «береке, бірлік» идеясын білдіреді де тақ бөлінбейтін сан деп ұғынылады. Ал, кебежедегі сақталған соғым еті қыстың дәмі ғой. Наурызкөже – ол ағарғанның белгісі, былай айтқанда, келер жаздың дәмі деп ұғынған жөн, – деді 87 жастағы қарт әже.
Бір айта кетерлігі, бұл әулет көжені 1932 жылы ғана әзірлемепті. Ол жыл барлығымызға белгілі тарихтың ақтаңдақ беттерінің бірі ғой. Ал, басқа жылдары үздіксіз әзірлеп, жылдағы дәстүрінен жаңылған емес. Тек отызыншы жылдары Кеңес үкіметінің белсенділері ескінің қалдығы, байлардың салты деп қысымға алғанда, амалсыздан наурызкөже дайындайтын күнін өзгертіп, 18 наурыздан бастаған екен. Қазірде де солай. Дәл осы күні наурызкөже пісіріп, алыс-жақыннан келген меймандарды қарсы алады. Бір ғажабы, Рахия әжейдің келіні Роза да, немере келіні Алуа да наурызкөже дайындауға әбден бейімделіп алған. Олар да көпшіліктің ықыласына бөленуде.
Міне, қарап отырсаңыз, Данияр пірәдардан тараған ұрпақтар қазақы әдеп-ғұрыптар мен салт-дәстүрлерді дәріптеуде ауыл халқына ғана емес, аймақ жұртшылығына үлгі болуда. Оның айғағы – Наурыз мерекесінде Шамбыл баласы Сапардың шаңырағында ұлттық құндылықтардың көрініс бергені дәлел. Өйткені, бұл – әулетте Наурыз мерекесін қарсы алу рәсімі жаңарып, түрленіп, көпшіліктің көңілі сүйсінетіндей сипат алған. Ұлыстың Ұлы күнін тойлаудағы ұрпақтар сабақтастығы деген осы емес пе?!
Қайрат ЖҰМАБАЙ