Халық көкейіндегі сұрақтарға жауап берілді
Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 Жарлығына сәйкес, Алғабас және Егінді ауылдық округінің әкімдері жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді. Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Мақсұт ОСПАНОВ, аудандық мәслихаттың депутаты Марфуға ӘБІЛДИНА қатысты.
Алғабас ауылдық округінің әкімі Әшімбек Мұқышев жуырда ғана ауыл тұрғындары алдында атқарылған жұмыстары мен жоспары жайлы жылдық есебін берген болатын. Бұл жолғы кездесу өзара пікір алмасу, халықпен кеңесу форматында өтті. Ауыл әкімі алдағы уақытта жасалатын жұмыстар жайында ашып айтты.
Әшімбек Мұқышевтің баяндамасынан соң ауыл тұрғындары көкейдегі сұрақтарын қойды. Әсия Браяқова клуб үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жасалса деген пікірін білдірсе, алғабастық тағы бір азамат Бақытбек Алтынбеков Ұлытау-Алғабас-Шұбаркөл-Нұр-Сұлтан бағытындағы жолды іске қосу жөнінде ұсынысын айтты. Қос сұраққа да аудан әкімінің орынбасары Мақсұт Сәрсембайұлы жауап берді. Тұрғындарға Алғабас клуб үйін жөндеуге сметалық құжаттары дайындалып жатқандығын жеткізді. Көптің көкейінде жүрген Алғабас-Нұр-Сұлтан бағытындағы жолдың іске қосылуының да ауылы алыс емес екен. «Бүгінде құжаттары заңдастырылып жатыр. Бұл жол іске қосылса, еліміздің оңтүстік өңірлері үшін тиімді болмақ. Сондай-ақ, ауданымыздың дамуына да өзіндік үлесін тигізеді, — деді аудан әкімінің орынбасары.
Осы ретте, аудандық мәслихат депутаты Марфуға Әбілдина кәсіп ашуға байланысты қойылған сауалдарға жауап беріп, әрдайым көмек көрсетуге дайын екендігін жеткізді.
Алғабастағы кездесуден кейін Егінді ауылдық округінің әкімі Марғұлан Әлмағанбетов егінділік жұртшылықпен кездесті. Айта кету керек, ауыл әкімі осыдан бір апта бұрын ауыл тұрғындарымен жиын өткізіп, жылдық есебін тапсырып, атқарылатын жұмыстар жайында сөз қозғаған еді.
Кездесуде аудан әкімінің орынбасары Мақсұт Сәрсембайұлы Оңтүстіктен Солтүстікке қоныс аудару бағдарламасы аясында ауданымызға 24 отбасына көшіру жайлы жоспармен таныстырды. Бағдарлама аясында Егінді ауылына бірнеше отбасыны тарту бойынша жұмыстар жасалып жатқандығын тілге тиек етті. Бүгінгі таңда ауылға келгісі келетін бірнеше отбасы бар көрінеді. Сонымен қатар, егінділіктер үшін тағы бір жағымды жаңалық ауылдық клуб үйін күрделі жөндеуден өткізуге байланысты құжаттары әзірленіп, бюджеттік комиссияға ұсыныс жасалған.
Кездесу соңында аудан әкімінің орынбасары ауыл тұрғындарын Мемлекет басшысының жаңа Қазақстанды бірге құру саясаты аясында жасалып жатқан жұмыстарға өз үлестерін қосуға шақырды.
Альмира ОСПАН