«ŪLYTAU» – Сіздің өз газетіңіз!
Ордалы оқырман! Шежіре-сыры қадым замандар қойнауынан бастау алатын, тағдыр-тарихы есте жоқ ескі күндердің тылсым тереңімен тамырласып жатқан Тәуелсіз Қазақ елі бүгінде жаңару жолына нық қадам басқаны әмбеге аян. Әлемдік адамзат қауымдастығы ортасынан өзіндік орнын ойып алған, алмағайып дәуірдегі сан алуан ішкі-сыртқы сынсынаққа шыдас бере білген қазақ деген таңғажайып халықтың көш-керуені кемел келешекке бет түзеп барады.
Бұл әсте мақтангершілікпен айтылған қыздырманың қызыл сөзі емес. Елімізде тарлан тарих үшін қас қағым сәттей ғана қысқа мерзімде талай-талай тағдыршешті толағай өзгерістер болып жатқанына бәріміз куәміз. Және қоғамдық-саяси һәм рухани өмірдегі өзіміз күнделікті көріп-біліп отырған сол айтулы жаңалық-өзгерістер шын мәнісінде жанды жадыратып, көңіл тоғайтады. Олай болса, жарқын болашаққа ұмтылған Алаш ұранды арда ұлтымыздың бағыт-бағдары – айқын, арман-аңсары – асқақ, мұрат-межесі – биік. Түпкі мақсат – Жаңа Қазақстан, Жаңғырған Жасампаз Қазақияны қалыптастыру
Осынау тарихи кезеңде, жалпы ел көлемінде сүйіншілі жағдаяттар жиілеген мерейлі шақта қасиетті де қазыналы Ұлытау-Жезқазған аймағының жайсаң жұртын ерекше қуанышқа кенелтіп тағы бір ақжолтай хабар жетті. Өзгенің емес, қалың қазақ қауымы өз тағдырын сеніп тапсырған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың аузымен айтылды бұл жаңалық. Бұйыртса, Қазақстанның саяси картасында жаңа облыс пайда болмақшы. Орталығы – Жезқазған шаһары.
Иә, қайта жаңғырған бұрынғы Жезқазған облысы бұл. Бірақ, ең ғажабы сол, енді оның атауы – Ұлытау облысы!
Президенттің бұл шешімі – дербес облыс ретіндегі мәртебесінен айырылғалы жадаулау күй кешкен аймағымызды қайта түлетіп, дамудың даңғыл жолына түсіретін және қазыналы да қасиетті өңір жұртшылығының жігерін жанып, рухын аспандатқан тарихи шешім болғаны сөзсіз.
Осындай шаттықты шақта, халқымыз әз Наурыз деп әспеттеген, дүйім дүние қайта жайн а п — жаңғыратын Ұлыстың ұлы күні қарсаңында біз де жаңаруға талпыныс жасадық. Ақпарат айдынында желкен кергелі 80 жылдан астам уақыт өткен, өңірдің тыныс-тіршілігінің айнасы іспетті газетіміздің тұңғыш төл таңбасын (логотипін) әзірлеп, жанға жақын, көзге ыстық «Ūlytau» деген атауын да жаңаша сипатта бедерледік.
Сондай-ақ, басылымның безендірілуі мен көркемдігіне ішкі мазмұны сай болуы үшін өзекті де көкейтесті мәселелерді қозғайтын, мағыналы да тағылымды жазбаларды молайтуға, талғампаз оқырман талабына қай тұрғыдан да лайық болуға күш салу – біз үшін әрдайым мерейлі де мәртебелі, жауапты да қастерлі міндет-парыз деп білеміз.
Хат жолдап, хабарласып тұрыңыз, қадірлі оқырман!
«Ūlytau» – Сіздің өз газетіңіз!
Ақжол ҚҰРМАНСЕЙІТ