АИТВ – инфекциясының қалай алдын алуға болады?
Қазіргі таңда дүниежүзінде нақты мәліметтерге сүйенсек, АИТВ – инфекциясымен ауыратын 33 миллионнан астам адам тіркелген, бірақ, олардың нақты саны бұдан 5-10 есе көп. Қазіргі кезде Қазақстанда АИТВ-жұқпасын жұқтырғандар саны 42 000 адамнан астам болса, Қарағанды облысында 6 000 адамнан асып отыр. Ал Жезқазған өңірінде 100-ден аса науқас тіркелген. АИТВ-жұқпасы 20-39 жас аралығындағы азаматтар арасында белең алуда. Мысалы, бұл дерт 2021 жылы Жезқазған өңірінде 40-49 жас аралығындағы азаматтар арасында 15,8% болса, 20-39 аралығындағы азаматтар арасында 74,2% құрады.
АИТВ (адамның иммун тапшылығы вирусы) ағзаны түрлі аурулардан қорғайтын жүйесін зақымдайды. АИТВ-жұқпасын жұқтырғандар бірнеше жыл бойы өзін сау адамдай сезініп, кәдімгідей өмір сүре береді және өздері білместен басқа адамдарға жұқтыру көзі болуы мүмкін. ЖИТС (жүре пайда болған иммун тапшылығы синдромы) – ол АИТВ-жұқпасының соңғы кезеңі.
АИТВ-жұқпасы 3 жолмен ғана жұғады:
-Біріншісі, қан арқылы – инъекциялық есірткіні пайдалану кезінде (есірткіні тұтынушылар арасында таралған) стерильді емес құралдарды ортақ пайдалану, татуаж және пирсинг, маникюр жасаған кезде ортақ құралдарды залалсыздандырмай пайдаланғанда, бөтен адамдардың тіс щеткасы мен ұстарасын қолданғанда.
-Екіншісі, жыныстық жолмен: кездейсоқ, бей-берекет және қорғанышсыз (мүшеқапсыз) жыныстық қатынас кезінде.
-Үшіншісі, АИТВ жұқтырған анадан баласына жүктілік кезеңде, босану үстінде және ана сүтімен қоректендірген кезде жұғуы мүмкін.
Жұқтырудың басқа жолдары жоқ, яғни, АИТВ ауа-тамшылы жол арқылы, түшкіру мен жөтелу, қол алысып амандасу кезінде, ортақ ыдысты, орамал-төсек пайдалануда, бассейнде, саунада, қоғамдық көлікте, жәндіктердің шағуы кезінде, жануарлардың тістеуі арқылы таралмайды.
Инфекцияның алғашқы белгілеріне жүдеу, әлсіреу, лимфа бездерінің ұлғаюы, бір немесе екі аптаға созылған диарея, қызудың көтерілуі және тағы басқаларды жатқызуға болады, сондай-ақ, бұл жұқпа басқа жұқпалы ауруларға ұқсас белгілермен өрбитіндіктен, кейде оны бірден анықтау мүмкін болмайды. Вирус адамның иммундық жүйесін бұзатындықтан, ол көптеген аурулардың пайда болуына, бойда бар сырқаттардың өршуі жағдайына алып келеді. АИТВ-жұқпасын жұқтырған адамдарды қоғамнан оқшаулауға болмайды, олармен бір ортада өмір сүруден қорқудың қажеті жоқ. Онымен қоса, бұл індетке қандай да бір себептермен тап болған кез-келген азаматтың құқығы Қазақстан Республикасының заңнамаларымен қорғалған. АИТВ-жұқпасымен өмір сүретін адамдар тұрғылықты жері бойынша ЖИТС-орталығының базасында тіркелген. Олар өз індеттері туралы және инфекцияны өзге адамдарға қасақана жұқтырғандары үшін қарастырылған жауапкершіліктер туралы жақсы біледі.
Бүгінде АИТВ-жұқпасынан қорғайтын вакцина жоқ, бұл жұқпаға қарсы ем бүгінгі күні ойлап табылмаған, тек антиретровирустық препараттарды пайдалану арқылы, дәрігерлердің нұсқамаларын бұлжытпай орындау арқылы ғана оған шалдыққан адамның өмірін ұзартуға болады. Антиретровирустық препараттар вирусты ағзадан толық шығармаса да, бұл дәрі-дәрмектер адам ағзасының қанындағы вирустың көбеюін тежейді және АИТВ-ның асқынуына кедергі келтіреді.
АИТВ-жұқпасының жұғуының алдын алу үшін салауатты өмір салтын ұстану; жауапты, қауіпсіз жыныстық мінез-құлықты қалыптастыру; кездейсоқ және ерте некесіз жыныстық қатынастардан аулақ болу, жыныстық серіктеспен өзара адалдықты сақтау; есірткіні тұтынудан бас тарту; косметологиялық шаралар үшін зарарсыздандырылған құралдарды қолдану және жеке тазалық құралдарын қолдану қажет.
Қоғам тазалығын сақтап, ұрпақты аздыратын кеселге қарсы тұрайық.
Ләззат САТОВА,
«Қарағанды облыстық ЖИТС-тың алдын алу
және күресу жөніндегі орталығы» КММ
Жезқазған бөлімінің дәрігер-эпидемиологы.