Еңсесі тіктелген екі ауыл

Жуырда Алғабас пен Егінді ауыл әкімдері де жергілікті тұрғындар алдында есебтерін берді. Ауыл әкімдерінің есеп беруіне аудан әкімі Советбек МЕДЕБАЕВ, орынбасары Жомарт БЕГАЕВ, аппарат басшысы Ержан ДӘУІТБАЕВ және тиісті мекеме, бөлім басшылары қатысты.

Сайланғанына бір жылдай уақыт болмаған Алғабас ауылының жаңа әкімі Әшімбек Мұқышовтың атқарып жатқан жұмысына тұрғындар дән риза. Ауылда көптен бері қордаланып қалған мәселелер де рет-ретімен шешімін тауып жатқан көрінеді.

Ауыл шаруашылық саласы бойынша жеке кәсіпкер «Жұмабеков» 12 млн. теңгеге жүк тиегіш (погрузчик) техникасын, «Мустафина» шаруа қожалығы 9 млн. теңгеге трактор, шөп орғыш (косилка), тырмауыш (грабель) техникаларын ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы сатып алған. Осы қор арқылы жеке кәсіпкер «Нұрлыбек» 4 млн. теңгеге 9 бас жылқы, «Құлмағанбетов А» шаруа қожалығы 13 800,0 мың теңгеге 39 бас жылқы, 23 300,0 мың теңгеге «Бралинов Ж» шаруа қожалығы 58 бас жылқы, «Нұртас» шаруа қожалығы 12 млн. теңгеге 40 бас сиыр, «Жакыпбергенова У» шаруа қожалығы 12 млн. теңгеге 30 бас жылқы алыпты. Ал, «Мустафина» шаруа қожалығы өз қаражатымен Еділбай тұқымды 3 бас қошқар, 70 ұсақ мал, 1 асыл тұқымды бұқа герефорд алып отыр.

Кәсіпкерлік саласына келсек, ауылда «Сәулет» және «Феруза» азық-түлік дүкені, 1 наубайхана, 1 тігін ательесі жұмыс жасайды. Дүкендерде азық-түлік қоры жеткілікті, наубайханада бір пісіргенде 12 бөлке нан пісіріп, сұраныс көбейген уақытта 30 бөлкеге дейін нан дайындалады екен. Тігін ательесінде ауыл тұрғындарының сұранысына байланысты киімдер, әртүрлі бұйымдар дайындалады.

Коммуналдық салаға тоқталсақ, ауыл ауызсумен толық қамтылған. Көшеаралық жолды күтіп-ұстауға жеке кәсіпкер «Бибиназ» арқылы 555,0 мың теңге келісімшарт жасалып, жұмыстар толығымен аяқталған. Насос станциясына ағымдық жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 4749,0 мың теңгеге бөлініп, жұмыстар уақытылы орындалған. Абаттандыру бойынша 1430,0 мың дала тренажерларын орнатуға, 2678,0 мың теңге балаларға арналған аулалық шағын футбол алаңын салу жұмыстары жүргізілген.

Алғабас ауылдық округінің көше жарығы желілеріне орташа жөндеу, шамдарды ауыстыру жұмыстарын жүргізуге жеке кәсіпкер «Ақтаевпен» 2000,0 мың теңгеге келісімшарт жасалынып, 40 дана жаңа үлгідегі диод (кобра) шамдары орнатылған. Ауыл Теле-2, Алтел операторларының байланысымен, 5 мекеме, 55 үй спутниктік интернетпен қамтылған. Күзгі, көктемгі екіайлық барысында ауылда әктелуге тиісті 57 үй толығымен әктеліп, 2 тонна қоқыс сыртқа шығарылған. Қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаруға бір жүк тиегіш, бір жүк тасығыш техникалар жұмылдырылып, 50 түп ағаш, 10 түп көшет отырғызылған. Алғабас ауылдық округіне қарасты аспалы көпірдің қоршаулары, 75 баған сырланып, әктелген. Ауылға 50 дана баннер жаңадан орнатылған.

Денсаулық саласы бойынша ауылда коронавирустың таралуының алдын алу жөніндегі шаралар жүргізіліп, 194 адам вакцина алып отыр. Ауылға жылжымалы дәріхана, жылжымалы медициналық кешен келіп, тұрғындарға өз қызметтерін көрсеткен.

Мәдениет және спорт саласына келсек, ауылда 2 кітапхана жұмыс істейді, компьютер, ксерокспен, ғаламтормен қамтамасыз етілген. Кітап қоры — 10700 дана, мектеп кітапхана қоры — 6720 дана кітап бар екен.

Ауылдық клуб үйі жұмыс істеп тұр. Онда «Айгөлек», «Домбыра», «Драма», «Өперпаздар» үйірмелері бар.

Білім саласы бойынша №14 Алғабасорта мектебінде 68 оқушы білім алып, 23 педагог жұмыс істейді. Спорт залы жаңа жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мектеп жанында «Балбөбек» шағын орталығы жұмыс істеп тұр.

Ауыл әкімінің есебінен кейін жергілікті тұрғындар сұрақтарын қойды. Ауыл тұрғыны Марғұлан Бралинов ауыл шаруашылығына субсидия берілу керектігін, жемшөп бағасын тұрақтандыруын сұрады. Сондай-ақ, бұл азамат Алғабас-Ұлытау бағытындағы жол мәселесін көтерді. Ал, Нығмат Жұмабеков ауылдағы клуб үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілу керектігін айтып өтті.

Ауыл әкімінің есебін аудан әкімі Советбек Тұрсынұлы қорытындылады. Аудан басшысы электр жарық мәселесі шешілетіндігін, ауылдағы ауызсу мұнарасы күрделі жөндеуден өткендігін айтты. Сонымен қатар, дала өртінің алдын алуға байланысты жұмыстар жасалып жатқандығына тоқталып, жиналған ауыл тұрғындарын ерікті түрде вакцина алуға шақырды.

Ауыл әкімдерінің есеп беруі Егінді ауылында да жалғасын тапты. Онда ауыл әкімі Марғұлан Әлмағанбетов те атқарылған жұмыстары жөнінде тұрғындар алдында есебін берді.

Әлеуметтік салаға келер болсақ, 2021 жылы өткен халық санағы бойынша Егінді ауылдық округі бойынша 306 адам тіркелген. Селода әкімшілік, орта мектеп, селолық дәрігерлік амбулатория, клуб, кітапхана, «Қазпошта» мекемелері халыққа қызмет көрсетеді. Ауылда барлық үйде 3G стандартты «wi-fi» орнатылған.

Ауылшаруашылық саласы бойынша өткен жылы 6 шаруа қожалығы 3950 гектар жерге бидай, 500 гектар жерге арпа егіп, 2500,5 тонна бидай 300 тонна арпадан өнім алған. Сонымен қатар, Б.Ж.Нұржанов атындағы «Кеңгір» шаруа қожалығымен Егінді селосының аумағында алғаш болып егістік аумақтарына агрохимиялық талдау жасалып, соның негізінде 1 800 000 теңге ге Аммофос (N-10, P-46) минералды тыңайтқышын қолданып, 1 250 000 теңгеге «Степная-60» элиталы репродукциялы бидай тұқымын қолданғанын, 1 млн. теңгеге станок фиксацор алынған. 2021 жылдың желтоқсан айындағы мәлімет бойынша ірі қара мал басы — 1305, жылқы — 816, қой-ешкі — 4000, құс — 545 бас. Мал азығын дайындауға 9298 тонна жоспарланып, 9298 тонна жем-шөп толықтай дайындалған. Село орталығына 2298 тонна шөп дайындалып жиналса, алауылдық округтің 7 қыстағына барлығы 6000 тонна шөп дайындалып жиналған. Б.Ж.Нұржанов атындағы «Кеңгір» шаруа қожалығы 4 асыл тұқымды бұқа 1 856 000 теңгеге және жеке кәсіпкер «Ерқанат» 1 асыл тұқымды бұқа ақбас (1 бұқа — 310 мың теңге) сатып алынған. «Ерсін Береке» шаруа қожалығы жүк көтергіш және шөп тайлағыш (пресподборщик руллонный) сатып алған.

Коммуналдық салаға тоқтала кетсек, округ бойынша 40 үй әктеліп, күл қоқыстары арнаулы ҚТҚ полигонына шығарылған. Ауылбойынша 4,5 гектар жер аумақ тазартылып, 300 тонна күл-қоқыс шығарылып, 2 бұзылған үйдің орны тазартылған. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, ауылдың кіреберісіне 30 түп қарағай ағашы отырғызылып, сырты қоршаумен қоршалып, пластик трубамен су жүйесі жүргізілген. Әкімшілік алаңына 30 түп пирамида терек, 2 түп алма ағашы отырғызылып, 6 гүлзар орнатылған. Ауыл маңындағы «Тақбала» тоғанын абаттандыру, жаз айларында ауыл тұрғындары және қонақтарға демалыс аймағын құру мақсатында «Қатысу бюджеті» арқылы кәуәп, тамақ пісіруге арналған орын, беседка, алтыбақан жасалынып, 5 түп аққайың, 5 түп сұр терек ағашы отырғызылған. Аудандық дәрежедегі 32 шақырым жолды қар ұстамау мақсатында жол жиегіндегі тал-шыбықтарын кесу жұмыстары жүргізілген. Селодағы барлық 56 көше жарығы шамдары диодты жарыққа ауыстырылған. Жұмыстарды 3 млн. 223 мыңға жеңіп алған жеке кәсіпкер Азамат Жасұланұлы атқарған.

Білім саласын айтып өтсек,мектепте 2021-2022 оқу жылында 14 мұғалім жұмыс атқарып, 35 оқушы білім алуда. «Мектепке жол» акциясы өткізіліп, онда көпбалалы отбасы балаларына және патронат балаларға материалдық көмек көрсетілген. Мектепте патронаттық тәрбие жөнінде балалар үйімен жұмыс жүргізіліп, қазіргі таңда 5 бала 4 отбасында тәрбиеленуде. Бұл үрдіс алдағы уақытта жалғасын табатын болады.

Мәдениет саласына тоқталсақ, клуб үйінде тұрақты 9 қызметкер, оның сыртында жылыту маусымында екі от жағушы жұмыс істейді екен. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Өнерлі елдің өресі биік» атты аудандық жарыста «Ән айту», «Мәнерлеп оқу», «Қолөнер» жанрлары бойынша да қатысып, «Қолөнер» жанры бойынша М.Жайлаубаева 2-ші орын иеленсе, «Әнші балапан» сайысында Мадина Төлеген мен патриоттық әндер сайысында Жансая Мұқанова Бас жүлдені иеленген.

Клуб үйінің ішінде ауылдық кітапхана жұмыс істейді. Кітапханада — 5672 кітап қоры бар.

Денсаулық саласы бойынша дәрігерлік амбулаторияда 1 фельдшер, 1 медбибі, 1 тазалықшы, жүргізуші, от жағушы жұмыс істейді. Село округіндегі қыстақтағы адамдар медициналық тексеріспен өткізілген. Вакцинаны ауыл тұрғындары толығымен алған.

Есеп беруден кейін аудан басшысы Советбек Тұрсынұлы ауылдағы электр желісі мен ауызсуға байланысты атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ, ауылдағы клуб үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетіндігін, жол мәселесі бойынша алдағы уақытта жөндеу жұмыстары жоспарда бар екендігін атап өтті.

Ауыл әкімінің есеп беруіне қатысқан тұрғындар ауыл әкімі Марғұлан Әлмағанбетовтың атқарып жатқан жұмыстарына ризашылықтарын білдіріп, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.