ЭПИДЖАҒДАЙ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА
Ұлытау ауданы бойынша үстіміздегі жылдың 1 қаңтары мен 23 ақпаны аралығында 28 жағдай тіркелді. Бұлардың қатарында 14 жасқа дейінгі 2 бала бар. Олардың екеуі де балабақшаға бармайтын балалар… Бұл Ұлытау аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының берген ақпараты. Аталмыш басқарма басшысы Ерлан ТАНАБАЕВТЫҢ айтуынша, аудандағы эпиджағдай қатаң бақылауда.
– Жасыратыны жоқ, аудан бойынша инфекцияның таралуы тоқталмай тұр. Бүгінгі күні Ұлытау селосында – 7 адамнан, Жезді кентінде – 6 адамнан, Қарсақбай кентінде – 3 адамнан ковид анықталса, Қаракеңгір, Байқоңыр ауылдарында – екі-екі адамнан, Қоскөл, Егінді, Аманкелді ауылдарында бір-бір адам инфекция жұқтырған. Кеселге шалдыққан 6 адам зейнеткер болса, 6-уы жүкті әйел. 4 адам вахталық әдіспен жұмыс істейді. 3 адам мүмкіндігі шектеулі, 5 адам жұмыссыз жандар, – дейді аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы.
Ерлан Танабаевтың сөзіне қарағанда аудандағы бір инфекция ошағы қатаң бақылауға алынған. Сырқаттармен қарым-қатынаста болған екі адам оқшауландырылды. Жалпы, аудан бойынша инфекция жұқтырған жандармен байланыста болған тұрғындар анықталып, олардың тізімдері аудандық орталық ауруханаға берілді.
PFIZER ЕКПЕСІН САЛУ ЖҮЙЕЛІ ЖҮРУДЕ
Коронавирус инфекциясына қарсы вакцина жасалғалы бері бүкіл әлемде миллиондаған адам КВИ-ге қарсы түрлі вакцинамен егілді. Қазір кезекте – Pfizer екпесі тұр. Аталмыш екпені Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы (ДСҰ) 12 жастан 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерді, жүкті және бала емізетін аналарды вакциналау үшін ұсынады.
Pfizer екпесі бүгінде әлемнің 20-дан астам елінде 12 жастан бастап, жекелеген елдерде 3 жастан бастап (Қытай) және 5 жастан бастап (АҚШ) жасөспірімдерге салынып жатыр. Ал, Қазақстанда аталмыш вакцина 12-18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер, жүкті және бала емізетін аналар арасында коронавирус инфекциясының алдын алу үшін салынуда.
Екпе салу жұмысы Ұлытау ауданындағы білім беру мекемелерінде қарқынды жүруде.
– Ауданда екпе салу жұмысы ата-аналарының немесе заңды өкілдерінің келісімімен және олардың қалауы бойынша арнайы жабдықталған егу бригадасының, болмаса Жезқазған қаласындағы егу пункттерінде жүзеге асырылуда. Бұл жұмыс аудан бойынша жүйелі жүріп жатыр. Қазір 349 бала Pfizer екпесін алды. Мұның сыртында 87 оқушы екпенің екінші компонентін алып отыр. Жалпы, аудан бойынша 728 бала екпе алуы керек. Жұмыс жалғасуда, – дейді аудандық білім бөлімінің тәрбие ісі жөніндегі әдіскері Данагүл Алшынбаева.
Әдіскердің айтуынша Pfizer екпесін алу Мибұлақ ауылында 100 процент, Егінді ауылында 91, Алғабас ауылында 81 процентке орындалған.
– Десекте, вакцина салуда төменгі көрсеткіштермен отырған мектептер де бар. Мәселен, Жезді кентіндегі екі мектепте де бұл жұмыс баяу жүруде. Осы орайда бұл кентте ата-аналармен түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, – дейді Данагүл Байзаққызы.
Аманкелді АҚШАЛ.
P.S. Орайы келгенде айта кетейік, Пандемияны тоқтатудың бірден-бір жолы – вакцина алу. Жаппай вакциналау арқылы әлемді дүрліктірген коронавирусты тежейміз. Ендеше ұжымдық иммундық қалқанымызды жасауға біркісідей атсалысайық!