Мәжіліс депутаты – Ұлытау өңірінде

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ екікүндік сапармен Ұлытау ауданына келіп, аудан орталығында, Жезді, Қарсақбай кенттерінде және Қаракеңгір ауылдық округінде жұртшылық өкілдерімен жүздесті. «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы ғимаратында қоғамдық қабылдау өткізіп, бұқараның талап-тілектері мен өтініштеріне құлақ түрді, сауалдарына жауап берді.

Аудандық мәслихаттағы басқосуға аудан басшысы Советбек Медебаев, аудандық мәслихат хатшысы Аманжол Мырзабеков, аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық мәслихат депутаттары, еңбек ардагерлері мен мемлекеттік мекемелер басшылары қатысты.

Әңгімені Парламентте қаралып және қабылданып жатқан заңдар мен олардың тиімділігіне, сондай-ақ, жоғары деңгейлі құзырлы органдағы соны серпінге қатысты бастаған Берік Әбдіғалиұлы аудан көлемінде атқарылған және қолға алынуы жоспарланған жұмыстардан да жете хабардар екендігін аңғартты.

Өз кезегінде мәслихат депутаттары мен қариялар қауымы ауыл шаруашылығының тынысын кеңейту, экологиялық жағдайды жақсартуға қатысты тың қадамдар жасау, ауызсудың берілуі мен аудан аумағындағы көлік жолдары сапасын одан әрі жақсарта түсу және өзге де өзекті мәселелерді алға тартты. Мәжіліс мандатының иегері қозғалған жайттарды талдамалық тұрғыда тағы да тереңірек зерделеп, нақты ұсыныстар әзірлейтінін, аталған мәселелер тұрақты бақылауында болатынын мәлімдеді.

Өзара терең түсіністік орныққан пікір алмасулардан кейін аудандық мәслихаттың депутаты Жарқынбек Бөлендин Мәжіліс депутатына Ұлытау өңірін үнемі назарында ұстауға ықыласты болғаны үшін аудандық мәслихат депутаттары атынан алғыс айтып, қызметіне сәттілік тіледі. Жергілікті депутаттар корпусы қашанда бірлесе жұмыс жүргізуге мүдделі екендігін жеткізді.

«Nur Otan» партиясы Ұлытау аудандық филиалындағы қоғамдық қабылдау кезінде аудандық орталық аурухананың директоры Жұмаш Баймұратов аудан орталығында жаңа аурухана салу, елді мекендерде фельдшерлік-акушерлік пункттер құрылысын бастау, жалпы медицина саласының сұраныстары бойынша нақты көмек көрсетілуін сұрады. Берік Әбдіғалиұлы бұл мәселелер өзінің жұмыс жоспарына енгізілгенін және олардың орнықты орындалуы тікелей бақылауында болатынын айтты. Қабылдауға келген тұрғындар аудан орталығындағы кәріз желісіне техникалық су қажеттілігі, жас мамандарға берілетін көмек түрлері, көпбалалы аналарға арналып салынған тұрғын үйге көрсетілетін қызметтердің сапасы және жастардың қыс маусымында футбол ойнау мүмкіндігін қарастыру жөніндегі мәселелерді көтерді. Оларды тиянақты талқылау түйінінде оңтайлы тұжырымдар жасалды.

Жезді, Қарсақбай кенттері мен Қаракеңгір ауылында өткен жүздесулер кезінде де тұрғындардың қажеттіліктері мен сұраныстарын зерделеуге көңіл аударылды. Олардың тарапынан туындаған сауалдарға толыққанды жауаптар берілді.

Ауданға сапары барысында Берік Әбдіғалиұлы біршама әлеуметтік нысандардың бүгінгі таңдағы тыныс-тірлігімен танысуға да уақыт тапты.

Жасұлан АЯШЕВ