Қыс қызығы — сырғанақ
Ақпан айындағы ұлпа қар айналаны аппақ қып орап тастағалы қыстың сәні кіре бастағандай. Әсіресе, шаналарын арқалап, тау баурайындағы сырғанақта асыр салып ойнаған балаларды көргенде, еріксіз жымиясың.
Ұлытау ауданының Оқушылар үйі ұйымдастырған «Қарлы қыс – 2022» көңілді дала ойындарына жиналған балғындардың саны 50-ден асып жығылды. Аталған іс-шара 2022 жыл – Балалар жылының аясында ұйымдастырылған болатын. Балалар топ-топқа бөлініп түрлі қозғалмалы ойындар ойнады. Жоғарғы сыныптардың оқушылары таудан төмен шаңғымен зырласа, жасы кішкентай балақайлар ата-аналарымен бірге сырғанақ тепті. Балалар ойынның қызығына кіріп, тоңғандарын да ұмытып кетті. Қармен атысып ойнаған кезде қойны-қоншына қар толып, аппақ қарға аунап, бейнебір ақ көрпенің үстінде асыр салып жүргендей болды. Құстай ұшып таудан төмен қарай сырғанау адамды сергітіп, денесін ширатады. Іс-шара соңында Оқушылар үйі ұжымы құрған лагерьдің басында, жаңа піскен ыстық бауырсақ таратылып, самаурыннан шәй құйылды. Жиылған ата-аналар мен балалар шәй ішіп, денелерін жылытып, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.
Данагүл АЛШЫМБАЕВА,
«Ұлытау ауданының білім бөлімі» ММ әдіскері.