Тұрғындар тілегі — назарда
Қаракеңгір ауылдық округінің әкімі Жалғас ТӨРЕ өткен жылы атқарған жұмыстарын қорытындылап, ауыл халқы алдында есеп беру кездесуін өткізді. Алқалы жиынға аудан басшысы Советбек МЕДЕБАЕВ, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, ауыл тұрғындары қатысты.
Округ әкімі халық алдындағы есебін ауылға қатысты негізгі ақпаратпен бастады.Ауыл әкімінің айтуынша, көгалдандыру мақсатында 30 түп ағаш көшеттері отырғызылған. Тазалық айлығы барысында 4,6 гектар жер тазартылып, 250 тонна күл-қоқыс сыртқа шығарылған. Ауыл ішінде көше шамдары да жаңартылған. Қаракеңгір-Ұлытау бағытындағы 20 шақырым жол асфальтталыпты. Көше ішіндегі тозығы жеткен ауызсу құбырының 1 шақырымға жуығы жаңадан ауыстырылған. Бұл жұмыстарды жеке кәсіпкер «Ажибаев» атқарыпты. Ауылдағы №4 Қаракеңгір орта мектебінің сыртқы қабаты күрделі жөндеуден өтіп, модульды қазандық орнатылыпты. Социалистік Еңбер Ері, «Ұлытау ауданының Құрмет азаматы» Бәкен Мышановтың рухына тағзым ету мақсатында әкімшілік ғимаратының маңынан ескерткіш қойылған.
Негізінде, бұл ауылда 82 шаруа қожалық иегерлері бар. 2021 жылдың мал санағы бойынша ірі-қара – 3883, ұсақ мал – 7847, жылқы – 3646, құс – 1388 басты құрап отыр. «Жақып» шаруа қожалығының иегері Дидар Малдыбаева Ауылшаруашылығың қаржылай қолдау қоры арқылы 30 млн. теңгеге жеңілдетілген несие алып, 70 бас жылқысатыпалған. «Кәрікөң» шаруа қожалығы 5 млн. теңгеге 15 бас жылқы әкеліпті. Бұдан бөлек, «Сарт» шаруа қожалығы 6 млн. теңгеге 15 бас жылқы малын сатып алып отыр. «Исмаил» шаруа қожалығының иегері Айдос Исмаил «ҚазАгроФинанс» АҚ арқылы 36 млн. теңге лизингке 1 дана МТЗ-82 тракторы және шөп шабатын құрал-жабдықтарын сатып алған. Егін шаруашылығымен айналысатын 12 шаруа қожалығы бар екен. Былтырғы жылы диқаншылар 13200 гектар жердің, 8820 гектарына бидай, 4380 гектарына арпа егіпті.
Жалпы айтқанда, Қаракеңгір ауылында халық саны – 665, оның 254-і коронавирус инфекциясының алдын алу мақсатында екпе қабылдаған.
Білім беру саласына тоқталар болсақ, мектеп ішіндегі «Күншуақ» шағын орталығы жұмыс істейді. Онда 11 бала тәрбиеленуде. Жалпы, мектепте 83 оқушы білім алуда. Оларға 26 мұғалім сабақ береді.
Баяндама аяқталған соң, ауыл тұрғындары өз сауалдарын жолдап, өтініш-тілектерін жаудырды. Ауыл тұрғыны Жәкуда Мұсабеков ауылдағы көпірді ретке келтіруді, ал, Ербол Әбуов Ұлытау-Қаракеңгір бағытындағы жол асфальтталса деп өз ұсынысын жеткізді.
Бұдан кейін жиынды қорытындылаған аудан әкімі Ұлытау-Қаракеңгір бағытындағы қалған 20 шақырым жол асфальтталатындығын айтып, ауылдағы өрт сөндіру бекетіне жаңа «УАЗ» автокөлігі берілетіндігін тілге тиек етті. Сонымен қоса, ауыл маңындағы шаруа қожалықтарына ұялы байланыс қызметін жақсарту мақсатында бірқатар жұмыстар жүргізілетіндігін де жеткізді.
Жасұлан АЯШЕВ.