Ел мүддесі ескерілді

Өткен аптада Терісаққан ауылының клуб үйінде ауыл әкімі Алмат ДҮЙСЕНБАЕВ ауыл тұрғындарымен жыл қорытындысы туралы есеп беру кездесуін өткізді. Жиынға аудан әкімі Советбек МЕДЕБАЕВ, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, ауыл тұрғындары қатысты.

Есеп беру кездесуінде ауыл әкімі атқарылған жұмыстарын рет-ретімен тізбелеп айтып өтті. Әкімнің айтуынша, ауылда халық саны – 403, оның экономикалық белсендісі – 210, зейнеткер – 42, жұмыссыз – 16, жұмыспен қамтылғандар – 131 адам. Ал, «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасын іске асыру мақсатында Терісаққан теміржол станциясына 32 адам жұмысқа орналасқан. Ауыл орталығында Өрт сөндіру бекеті ашылып, оған 5 адам жұмысқа орналасыпты.

Ауыл шаруашылығы саласында да оң өзгеріс бар. Терісаққан ауылында 30 шаруа қожалығы өз шаруашылығын жылдан-жылға кеңейте түсуде. Оның 4-еуі егін шаруашылығымен айналысады. Ал, 2021 жылдың соңындағы мал санағының қорытындысына келсек, ірі қара – 1155, жылқы – 1320, қой – 247, ешкі – 202, құс – 271 басты құраған. «Игілік» бағдарламасы аясында «Бейбарыс» шаруа қожалығы – 5 млн. 500 мың теңге көлемінде несие алып, «Машина-трактор» паркін жаңартуда. Ал, «Әділ» шаруа қожалығы – 12 млн. 450 мың теңге тұратын «Фронтальды погрущик» техникасын сатып алған.

Кәсіпкерлік саласына тоқталсақ, ауыл да 2 азық-түлік дүкені бар. Оның біреуінде әлеуметтік көмек бұрышы ашылған. Бұдан бөлек, киім-кешек дүкені де бар.

Білім беру саласы туралы айта кетсек, ауылда 150 орындық мектеп ғимараты орналасқан. Мектепте – 23 мұғалім дәріс беріп, 68 оқушы білім алуда. Мектеп ішіне кеңжолақты интернет желісі тартылған. Сонымен қатар, аудандық спорт бөлімі арқылы мектепке спорттық нұсқаушы штаты бөлініп, бүгінгі күні қызметін атқаруда. Мектеп жанындағы «Балбөбек» балалар шағын орталығында 15 бала тәрбиеленуде. Ал, мектепке дейінгі даярлық тобында небәрі 6 ғана бала бар екен.

Денсаулық саласына тоқталсақ, ауылда ФАП дәрігерлік пунктінде 2 медбибі тұрғындарға қызмет көрсетуде. 2021 жылы 10 нәресте дүниеге келіпті. Ауылдың стратегиялық даму жоспары бойынша жаңа ФАП салу жоспарда бар екен. Ал, 18 жастан асқан тұрғындар саны – 240, оның 209-ы вакцина алған.

Мәдениет саласына келер болсақ, ауылдағы клуб үйі өткен жылы күрделі жөндеуден өткен. Мерекелік іс-шаралар пандемияға байланысты онлайн форматында жүргізіліп келген. Клуб үйі ғимараты ішінде ауылдық кітапхана тұрақты түрде халыққа қызмет көрсетуде.

Ең бастысы, ауылға электр жарығы мен ауызсу тұрақты берілуде. Ауыл әкімі аппараты, мектеп, кітапхана мекемелеріне «Dara NET» жеке кәсіпкерлігі арқылы интернет желілері орнатылған. Билайн байланысы қызметі тұрақты түрде жұмыс істеп тұр. Терісаққан-Қоскөл бағытындағы 45 шақырым автокөлік жолына жол белгілері орнатылыпты.

Абаттандыру жұмыстары да көңілге қонымды. Қызылту көшесі бойында орналасқан «Жанайдар батыр» саябағына ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалған. Ауыл әкімшілігі саябақ пен ауыл мешітінің ауласына 37 қарағай, 33 дана ясин көшеттері отырғызылған. Сонымен қатар, балалар ойын алаңына жарық шамдары орнатылып, ойын жабдықтарымен қамтамасыз етілген. «Қатысу бюджеті» арқылы 3 млн. теңгеге воркаут алаңы салынған. Ең бір көзге көрнектісі ауылдың кіре-берісіне арка орнатылыпты.

Баяндама аяқталған соң, ауыл тұрғындары атынан Ғазиз Өскенбаев диспансерлік есепте тұратындарға тегін дәрі-дәрмек таратылса деген ұсынысын жеткізді. Ал, Бақыт Төлеуов ауызсу мұнарасын күрделі жөндеуден өткізу керектігін айтты. Қоныс Әбілғазин әсіресе, боранды күндерден кейін жол қардан уақытылы аршылып тұрса деп өз шағымын білдірді.

Кездесу соңында аудан әкімі Советбек Медебаев ауыл әкіміне қойылған тапсырмаларды мерзімінде әрі сапалы орындауды, қандайда бір мәселе бойынша ұсыныстарды дер кезінде жасауды тапсырды.

Жасұлан АЯШЕВ.