Сот жүйесінде — жаңа формат

Еліміздің сот саласында заманауи ақпараттық технологиялар мүмкіндігі кеңінен пайдаланылуда. Соттар өндірісіне заманауи цифрлық озық технологиялар, дыбыс-бейне жазбалар, іс-қағаздары мен хат-хабарларды жүргізудің электрондық қызметтері енгізілді. Сот процестерін онлайн режимде өткізуге дайындау кезінде «Zoom», «TrueConf», «WhatsApp» желілерін пайдаланамыз. Тараптарды бейнеконференциялық байланысқа қоспас бұрын, сот хабарламалары жолданады. Хабарламада сот отырысының онлайн форматта өткізілетіндігі көрсетіледі. Сонымен қатар, хатшылар тараптарға сот отырысы басталмай тұрып, онлайн түрде «Zoom» мен «WhatsApp» желісіне қосылу тәртібін түсіндіреді. «Zoom» бағдарламасы арқылы қосылу үшін тараптарға арнайы сот отырысына қосатын идентификатор мен құпия сан жіберіледі.

«Сот кабинетінің» пайдаланушылары кез-келген гаджеттен үйден шықпай-ақ, сотқа кез-келген электрондық өтініштер жібере алады.Тегін мобильді қосымша, өтініштің тіркелуін, оның соттағы қозғалысын көруге, сот актісін және отырыстың аудио-бейне жазбасын алуға мүмкіндік береді.

Бұдан басқа, тараптарға өзінің орналасқан жеріне қарамастан, сотқа бармай, отырысқа қатысуға мүмкіндік береді. Ол үшін өтінішпен жүгіну жеткілікті және оған сотпен бейнеконференцияға шығу уақыты туралы хабарланады.

Қашықтықтан өтетін сот процесі дәстүрлі процестен тек өткізу тәсілімен ғана ерекшеленеді. Оның үстіне қазіргі уақыттағы жағдайға байланысты онлайн сот процестері адам денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Әрине, кез-келген жаңашылдық болған соң, өз қиындықтары да кездеседі. Сондықтан, бізде сот қызметін қамтамасыз ету үшін байланыс жүйесін дамытуға барынша жағдай жасауда.

Қазіргі таңда жүйедегі жеті басым бағыттың бірі – “Е-Сот” аясында іске қосылған “Виртуалды сот” жобасы сот төрелігіне қолжетімділікті одан әрі арттырды. Дыбыс-бейне құрылғылар арқылы басқа өңірлерде, тіпті, шетелдерде жүрген азаматтардан да жауап алынады. Заманауи форматтар жұмыс процесін барынша жеделдетті.

Онлайн режимінде өтетін процестерде де сот отырысының электронды хаттамасы толтырылып, дыбыс-бейне жазбасы жүргізіледі.

Бүгінгі күні заман талабына сай ұйымдастырылған онлайн процестер тараптарға да, сот мамандарына да қиындықтар тудырмай, істер жан-жақты және объективті қаралып жатыр.

Ақнұр ДОМБАЕВА,

Ұлытау аудандық сотының кеңсе меңгерушісі.