Қоғамның қозғаушы күші

Жастар – қашанда қоғамның қозғаушы күші. Болашағын бағамдайтын мемлекет жастарының санасының ояу, білімінің жоғары болуына басты мән береді. Білім мен ғылымның салтанат құруы Отанның еңсесін ешкімге бастырмауға сеп болатынын бүгінгі заман дәлелдеп отыр. Жастарды тәрбиелеудің маңызы жайында Елбасы Н.НАЗАРБАЕВ: «Қазақстанның болашағы – бүгiнгi жастар. Сiздер оларға қалай бiлiм берсеңiздер, Қазақстан сол деңгейде болады», – деп атап көрсеткен болатын.

Елiмiздiң болашағы жастардың еңбекқорлығына, талап-тiлегiне, арман-мұратына байланысты. Олар ата-бабаларымыздан мұра болып келе жатқан құндылықтарымызды, тарихи дәстүрлерiмiздi жаңғыртып, оны алға бастырып қана қоймай, экономикасын, ғылымын да дамытуға, жiгерлене ел үшiн еңбектенуге мiндеттi.

Дейтұрғанмен, қазіргі таңда еліміздегі кейбір жастарымыздың теріс діни ағымға еріп, саналарының көз алдымызда улануы ойландыратын мәселе болып отыр. Шетін көзқарасты діни ағымдардың кейбір жастардың білім мен ғылымға деген ынтасын жойып, өзге мәдениет пен теріс құндылықтарды насихаттап, жастар арасында жанжал тудыру жағдаяттары орын алып келеді.

Өркениетінің алыстығы теріс жолға түскен жастарымызды ортаға сіңімділігін төмендетіп, өз алдына орта қалыптастыруға алып келетіні сөзсіз. Сонымен қатар, ол орталарда қосалқы мәдениет қалыптастыратынын да жоққа шығара алмаймыз. Бұл жерде діннің атын жамылған ағымдардың діни-психологиялық және әлеуметтік тартымдылығы өз алдына бөлек мәселе.

Психология саласының мамандары адам баласының құбылыс екендігі, кез келген ортада психологиялық әрі әлеуметтік мәжбүрлікпен болған жағдайда, сол ортаның жалған идеяларына сіңісіп, ол идеяларды өте келе ақиқаттай көретінін алға тартады.

Жастардың қай замандарда болмасын, әрқашан қоғамда үлкен әлеуметтік күшке ие болғанын байқаймыз. Олар әрдайым қоғамның ең белсенді мүшесі әрі жұмыс күші болып табылған. Оның үстіне бүгінгі жастың ертеңгі елдің тұтқасын ұстайтын басшы боларын ескерсек, олардың қоғам үшін маңызы арта түседі.

Бүгінгі күні діншілдік, діни мәдениеттің қалыптасу қарқынынан озып кеткенін байқаймыз. Бұл өз кезегінде радикалды идеологияның қалыптасуына ықпал етеді. Ал радикалданудың салдары жақсылыққа апармайды. Сондықтан діндарлықтың тым жылдам өсуі қауіп-қатерлер әлеуетін арттыруы мүмкін.

Дін саласындағы өкілетті мекемелер мен сарапшылардың пайымдауы бойынша сарапталған мәселелер жастардың теріс діни ағымдарға арбалуына негіз болатын факторлардың өзектілері болмақ.

Ал, мемлекет бұл тұрғыда қандай шараларды уақытында қолға алып, алдын алу шараларын жасамақ деген мәселеге оралсақ. Бұл тұрғыда тәуелсіз сарапшылар тарапынан мемлекет себебімен емес, салдарымен ғана күресуде деген сыңар езу мәселелерді айтуда. Алайда, мемлекет тарапынан бұл бағытта арнайы министрлік құрып, ол министрлікке жастар саясатын бағындыруының маңызы бар.

Өйткені дін – санаға әсер ететін күш. Ал сана жастардың өмірлік ұстанымдарын қалыптастырып, ынта мен күш-жігерлерін арттырушы. Саналық негіз қалай қалыптасса, үйдің іргетасы секілді жастарда солай қарай бой түземек.

Бұл туралы данышпан Абай атамыз: «Адамның жақсы болуы тегінде емес, тәрбиесінде. Тәрбие ата-анасы, ұстазы, ортасы арқылы қалыптасады. Жас өсе келе қай ортаны жақсы көрсе, сол ортаның ықпалы жастардың санасына көп ықпал етеді», – деген болатын қара сөзінде.

Тәрбиедегі қамқорлық – маңызды құбылыс. Сонымен қатар, көппен бірге адаспай, жалғыз жүріп жол тауып, сол дұрыс жол арқылы көпті тәрбиелеудің маңыздылығының жоғары екенін ұққандаймыз.

Аудандық ішкі саясат бөлімі.