Тұрғындар тілегі орындалуда
Жуырда аудан халқының көкейінде жүрген түйткілді мәселе шешімін тапты. Енді күн сайын Ұлытау-Жезқазған, Жезқазған-Ұлытау бағытындағы қоғамдық көлік маршруты халыққа қызмет ететін болады.
Бұған дейін аудан орталығынан Жезқалаға тұрғындарды тасымалдайтын қоғамдық көліктер түрлі себептермен тоқтап қалып жүрді. Ал сағат сайын жүріп жатқан такси бағасы көпшіліктің қалтасын көтере бермейді. Бұл мәселе жөнінде ауыл тұрғындары өз шағымдарын аудан әкімдігіне білдірген болатын.
Бізге жеткен бүгінгі жағымды жаңалық 2022 жылдың бірінші ақпанынан бастап аудан тұрғындары үшін күнделікті Ұлытау-Жезқазған, Жезқазған-Ұлытау бағытында қоғамдық көлік жүретін болды. Таңертең сағат 8.00-де аудан орталығындағы «Ұлытау» автобекетінен шығып, түстен кейін сағат 15.00-де «Жезқазған» сапаржайынан Ұлытауға қарай бет алады. Бағасы қолжетімді. Қарапайым халықтың қалтасы көтеретіндей 500 теңге деп белгіленді. Бұл да болса аудан тұрғындары үшін үлкен көмек. Ал, жолаушыларды тасымалдаушы Болатбек Елеуовтің иелігіндегі «Ақжол» жеке кәсіпкерлігі.
Бір айта кетерлігі, әр аптаның бейсенбі, жұма, сенбі, жексенбі күндері жүретін бұрынғы автобус маршруты өз жұмысын жалғастыра береді. Аудан халқы үшін қоғамдық көліктің артық болмайтыны анық.
Жасұлан АЯШЕВ