ПАНДЕМИЯ ТОҚТАУЫ МҮМКІН, – дейді ДДҰ сарапшылары

Коронавирус инфекциясы екі жылдан бері елдің дегбірін қашырып болды. Бір штамнан кейін бір штам шығып үрейімізді де алып барады. Әлемдегі осы мықты деген балгерлер мен көріпкелдер бірдеңе айтар ма деп үмітпен қарап та жүрміз. Бірақ тұқымы құрығыр індет олардың құмалағына түспей ме, мардымды ештеңе айта алмай келеді…

Осындай алмағайып тұста ғаламтордан ғажайып бір әңгімені көзіміз шалып қалғаны. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары коронавирустың «Омикрон» штамы Еуропада пандемияның тоқтауына ықпал етуі мүмкін деген болжам жасапты.

– Вирустың бұл нұсқасы COVID-19 инфекциясын жаңа, соңғы фазаға ауыстырды. Еуропа пандемияның соңғы кезеңіне жақындап қалуы әбден мүмкін, – дейді ДДҰ Еуропадағы аймақтық бюросының директоры Ханс Клуге.

Оның пайымдауынша, «Омикрон» штамы тежелгеннен кейін Еуропада жаһандық иммунитет біраз уақытқа сақталады. Оған вакцинация мен аурудан сауыққаннан кейінгі ағзада болатын ішкі қорғаныс зор ықпал ететін сыңайлы. Алайда, бұл ретте, халықты иммундау қарқынын төмендетуге еш жол беруге болмайды.

Мұндайда «Аузыңа май, астыңа тай» демей ме, дана халқымыз. Директордың дегені келіп, әлем әбігерден құтылса екен. Қалың елдің тілегі – осы.

 Ізбасар ОЙБАС.