Бастама баянды болғай!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ азық-түлік бағасының шарықтап өсуіне жол бермеу туралы тапсырмасы аудан дүкендерінде де қадағалануда.

Өздеріңізге белгілі, қаңтар айындағы оқиға кімді болса да бейжай қалдырмағаны анық. Бастапқы күндері еліміз үшін үлкен сындарлы уақыт болғаны аян. Еліміздің келешегі – қыл үстінде тұрғанда «елім, жерім, халқым» дейтін ел азаматтары жандарын пида етті. Халықтың болашаққа деген сенімін оятты. Осындай қиын-қыстау кезінде еліміздің әрбір азаматы өз шама-шарқынша елдің іргесін нығайтуға өз үлестерін қосуға міндетті деп ойлаймын. Сондықтан аудан кәсіпкерлерінің қолынан келетін шаруа ретінде халыққа қажетті деген 19 түрлі азық-түлік тағамдарына 10 пайыздан артық үстеме ақы қоспай сату жөнінде үндеу жариялаймын. Ел басшылығы газ, жанар-жағармайға шектеулі баға белгілегені белгілі. Азық-түліктің бағасын да орынсыз көтермеу жөнінде тапсырма беріліп жатыр. Біз тарихи Ұлытау жерінің кәсіпкерлері ретінде біздің аздаған болса да жасаған көмегіміз, ауыл халқының әл-ауқатының жақсаруына көмек болып тиеді деп ойлаймыз. Ұлытау селосындағы «Сымбат», «Ақбота», «Дана» дүкендерінде әлеуметтік бөлке нан бағасын Жезқазған қаласы мен Жезді кенті наубайханаларының берген бағасына үстеме қоспай 90-120 теңгеден сатып жатыр. Осындай бастамалар көп болса екен деймін.

Ең бастысы, қазіргі қиындықты бірге еңсерейік, халықтың еңсесін түсірмейік! Барлықтарыңызды осы бастаманы қолдауға шақырамын.

Назерке ЖОМАРТҚЫЗЫ,

«Дана» дүкенінің иесі.