Жастар кәсіпкерлігіне – жаңаша көзқарас

Кәсіпкерлік – ел экономикасын ілгерлетуші күш. Әсіресе, соңғы жылдары елімізде қарқынды дами бастаған жастар кәсіпкерлігі ел экономикасының дамуына сүбелі үлес қосып қана қоймай, халықтың әл-ауқатының артуына да салмақты септігін тигізіп отыр. Жылдағы дүстүр бойынша, биылғы жылы да аудан жастарының жеке кәсіпкерліктерін дамытуға және қолдауға арналған облыс және аудан әкімдерінің гранттары сарапқа салынған болатын. Ұсынылған жобалардың халыққа қажеттілігі тиімділігі нәтижелілігі ескеріліп, жеңімпаздар анықталды.

Ауданымыздың әр сала бойынша «Жыл үздіктерін» марапаттауға арналған жаңажылдық салтанатты жиында, жас кәсіпкерлерді қолдауға және дамытуға арналған облыс, аудан әкімдерінін гранттарын иеленген аудан жастарын марапаттау рәсімі өткізілді. Қарағанды облысы әкімінің грантын иеленуге 20 жас құжат тапсырса, 5-еуі жеңімпаз атанып, олардың әр қайсысына 1,0 млн. теңгенің сертификаттары табыс етілді. Сертификаттарды «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасы аудандық филиалының директоры Аманбек Сүлейменов жеңімпаздар: байқоңырлық Ақшабақ Сағынбаеваға (кондитерлік дүкен), Ұлытау-тігін цехын кеңейтуге ниет еткен Айзада Сансызбаеваға, ірі қара мал өсіріп, өнімін өндіруге бел буған ұлытаулық жас жігіт Жарас Қуанышқа, кондитерлік дүкен ашқысы келетін жастар ұлытаулық Мақпал Сайлау мен Жезді кентінен Айдана Оқапқа табыс етілді.

Соңғы жылдары шалғай ауылдардағы халыққа әлеуметтік-тұрмыстық, мәдени-көпшілік қызметтер көрсету бағытында айтарлықтай жұмыстар атқарыла бастады. Осы уақытқа дейін аудан орталығынан алыс орналасқан қараша ауылдарда, автошеберханалар, тігін цехтары, қоғамдық тамақтану орындары мен сауда нүктелері, моншалар мен наубайханалар ашылып, халық игілігіне қызмет ете бастады. Ізгі дәстүр биылғы жылы да жалғасын тапты. Жастар кәсіпкерлігін дамытуға және қолдауға арналған аудан әкімінің гранттарын жеңіп алған аудан жастарына тиесілі сертификаттар табысталды. Бұл шараны аудандық мәлихаттың депутаты, аудандық Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Эльмира Ершұманова жүргізіп, ауданның жеңімпаз 23 жас кәсіпкеріне 486,0 мың – 900,0 мың аралығында арнайы сертификатта табыс етті. «Жас келсе – іске» демекші, қолдау көрсетілген жас кәсіпкерлер иеленген қаражаттарын мақсатты жұмсап, ел игілігіне бағыттайтындарына сенгіміз келеді біздің!

Рахымжан ӘДЕНҰЛЫ