Жаңа буынға аманат

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Nur Otan» партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында ұсынылған «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығы Жезді кенті әкімдігі аппаратында да қызу талқыланды. Жиында Жезді кентінің әкімі Мұратбек ЖҰМАБЕКОВ аталмыш мақала негізінде баяндама жасады.

  • Елдіктің ең басты тұғыры – Тәуелсіздік. Тамыры тереңде жатқан төл тарихымызды таразыласақ, ата-бабаларымыздың көрсеткен ерліктері ұрпақтан-ұрпаққа тарихи түрде жалғасын тапты. Тек, рухы мықты халық қана тәуелсіздігіне қол жеткізіп, мемлекеттілігін құрып, дамыған озық елдердің ортасынан ойып тұрып орын алатыны белгілі. Елбасымыздың бүгінде ел болып талқылап жатқан үндеуіндегі жеті бағыт та осыны айқын дәлелдеп отыр, – деп бастаған Мұратбек Досымбекұлы жаңа дәуірдегі қазақстандықтарға бағдар болатын қағидаттар жиынтығын шама-шарқынша жіктеп көрді. Ұлттық сана-сезім, ұлттық болмыс сынды түсініктерді санамызда сақтап, күнделікті өмірде кеңінен қолдансақ нәтиже сонда болмақ. Отансүйгіштіктің, патриотизмнің нағыз көрінісі осында жатыр. Ұлттың негізгі көрсеткіші оның түрінде де, тіпті тілінде де емес ұлттың санасында, – деді баяндамашы өз сөзінде.

Елбасының бір-бірімен үйлесім тапқан жас ұрпаққа үндеуі барымызды бағалап, тәуелсіздік деген киелі ұғымды сақтап қалуымызға жол нұсқайтыны анық. «Елдіктің жеті тұғыры» болашақ ұрпаққа жүктелетін тарихи миссия. Сондай-ақ, жеті қағидатта отбасы мен салтдәстүріміз де назардан тыс қалмаған. Қазақстанның ертеңгі келбеті қандай болатыны бүгінде әрбіріміздің отбасымызда тәрбиеленіп жатқан ұл-қыздарымызға байланысты, «Елдіктің жеті тұғырын» тиянақтау мен тұлғаландыру – жаңа буынға аманат, өткенімізді түгендемей келешекке жоспар құру мүмкін емес. Жиынға қатысқан зиялы қауым осындай ортақ пікірге ұйысты.