Үздік педагогтер – құрмет төрінде
Күні кеше аудандық Мәдениет үйінде «Жыл үздігі — 2021» аталымы аясында бір топ ұстаз құрметке бөленді. Шара барысында бірқатар мұғалімге облыстық білім басқармасының Құрмет грамоталары, үздік педагогтарға түрлі номинациялар бойынша аудан әкімінің сыйлығы тапсырылды.
Жиынға аудан әкімі Советбек Медебаев арнайы қатысты. Ашылу салтанатында сөз алған өңір басшысы білім саласында тер төгіп жүрген педагогтардың еңбегін айрықша атап өтті.
- Мұғалім – елдің білім беру саясатындағы басты тұлға. Сіздердің еңбектеріңіз ең игілікті, жасампаз әрі шығармашылық еңбек болып саналады. Әр күн сайын сабақ үстінде өскелең ұрпақпен тілдесе отырып, оларды Отанды сүюге үйретесіздер. Әсіресе, қоғам талабына сай оқығанын өмірде қолдана алатын, білімді шәкірттер дайындау – бүгінгі ұстаздардың міндеті. Өйткені, сіздер келешек Қазақстанның тағдырын айқындайтын білімді және рухани тұрғыдан жас ұрпақты тәрбиелеп жеткізесіздер. Ал, бүгінгі берілетін сыйлық – сіздердің өлшеусіз еңбектеріңіздің бағалануы, – деді аудан әкімі.
Бұдан кейін сегіз ұстаз, бір мектеп ұжымы, 9 аталым бойынша аудан әкімінің сыйлығына ие болды.
Аудандық білім бөлімінің «Өлкетану» бағыты бойынша әдіскері Светлана Омарова – «Білім бөлімінің үздік әдіскері», №11 Қоскөл орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Шайзат Тілеуова – «Шағын жинақты мектептерінің үздік педагогы», аудандық Оқушылар үйінің UlytauMediaschool студиясының жетекшісі Думан Әден – «Қосымша білім беру ұйымының үздік педагогы», аудандық балалар өнер мектебінің мұғалімі Нұргүл Балабиева – «Қосымша білім беру ұйымының үздік педагогы», №17 Байқоңыр орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мөлдір Әбжанова – «Үздік әдістемені ұсынушы», №7 Сарысу орта мектебінің тарих пәні мұғалімі Алма Дүйсенбаева – «Дарынды балалардың үздік жетекшісі», «Айгөлек» бөбекжайының әдіскері Салтанат Жакеева – «Мектепке дейінгі мекеменің үздік педагогы», Жезді мектеп-интернатының алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімі Нариман Бірімжанов – «Үздік пән педагогы» болып танылды.
Аталған ұстаздар аудан әкімі тағайындаған 200 мың теңгенің сертификатына ие болды. Бұл сыйлықтарды аудандық мәслихат хатшысы Аманжол Мырзабеков, «Nur Otan» партиясының аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Думан Жұманов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әлімбек Жандарбеков, аудандық білім бөлімінің кәсіподақ ұйымы төрағасы Қанат Жылқыбаев, аудан әкімінің орынбасары Алмаз Қайырбек, аудандық білім бөлімінің басшысы Бағдат Әбдірайымов, Білім беру саласының ардагерлері Жұмабике Әліпбекова мен Гүлсім Нүрсейтова табыстады.
Осы кеште аудан әкімі Советбек Медебаев білім саласының дамуына елеулі үлес қосқан №4 Қаракеңгір мектеп ұжымын «Үздік мектеп» аталымымен марапаттады. Аталған аталым бойынша мектеп директоры Манарбек Бейсеновке 400 мың теңгенің сертификаты табысталды. Сонымен қатар, бұл күні Қарағанды облысы білім басқармасының Құрмет грамоталары мен Алғыс хаты да иегерлерін тапты. Аудандық білім бөлімінің бас маманы Айгүл Көшенова, №1 Ұлытау орта мектебінің мұғалімі Нұргүл Әлиева, №15 Жамбыл Жабаев атындағы Қарсақбай орта мектебі директорының ғылыми ісі жөніндегі орынбасары Жұлдыз Шалғынбаева облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталды. Алғыс хатына – Қарсақбай мектебінің мұғалімі Сәуле Сәдуақасова иеленді.
Сондай-ақ, ұзақ жылдар бойы білім беру саласында тер төгіп жүрген №14 Алғабас орта мектебінің директоры Бақытбек Алтыбековты аудандық білім бөлімінің басшысы Бағдат Әбдірайымов алпысқа толған мерей жасымен құттықтап, арнайы сый-сияпат жасады.
Сонымен… Сол күнгі кеште жүзден жүйрік шыққан үздіктер марапатталды. Шара соңы аудандық балалар өнер мектебінің ұжымы дайындаған концерттік бағдарламаларға ұласты.
Қайрат ЖҰМАБАЙ