Көк байрақ биікте желбіреді

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы тойланып жатқан тұста Ұлытау ауданы, Шеңбер селолық округінің орталығы Қорғасын ауылында арнайы әзірленген еңселі тұғырдың ұшар басына орнатылған Қазақ елінің Көк байрағы биіктен желбіреп, жергілікті тұрғындарды рухтандыра түсті.

– Тутұғырдың биіктігі 15 метрді құрайды. Оның берік болуы үшін түбіне шығыр қойылып, бетонмен құйылды. Тұғырды көтеріп, туды орналастыру сыртқары аумақтан жалдамалы негізде шақыртылған автокранның көмегімен атқарылды. Енді шығырдың сырты қазақы оюмен көмкерілетін болады. Бұл көкейде көптен бері жүрген шаруа еді. «Бірлік – береке бастауы» деген нақыл бекер қалыптаспаған ғой.
Ауыл азаматтарының қолдауы мен нақты көмегі арқасында соны сәтімен іске асырдық, – деді округ әкімі Сағат Сұлтанов бізбен телефон арқылы тілдескенде.

Сонымен қатар, ауыл басшысы Тәуелсіздік тойы қарсаңында еңбек ардагерлерінің үйлеріне арнайы барып, ақсақалдар мен ақжаулықты аналарға жүрекжарды лебізін білдірді, мерекелік сый-сияпаттар табыстады. Осы ретте, шырайлы шараға демеушілік жасаушы жеке кәсіпкер Асхат Қасымов екенін ерекше атап өткен жөн.

Таслима ОРАЗАЛЫҚЫЗЫ