Көбейсін ЕҢСЕБАЕВ

Қаламы қарымды қаламгер, талантты ақын, Ұлытау аудандық «Ұлытау» газетінің бұрынғы редакторы, журналистердің бірнеше буынының ұстазы Көбейсін Еңсебаев 80 жасқа қараған шағында өмірден өтті.

Ұлытау-Жезқазған өңірі журналистикасының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан майталман азамат 1942 жылы Қарағанды облысы, Ұлытау ауданының Байқоңыр ауылында дүниеге келген.

1968 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін, 1981 жылы Алматы жоғары партия мектебін бітірген.

Еңбекке ерте араласқан болашақ журналист алғашқыда Қарсақбай мыс қорыту зауытында жұмыс істеген. Өндірісте шыңдала жүріп, аудандық газетке мақалалар мен өлеңдер жазуды айнымас машығына айналдырған.

Оның кәсіби шығармашылық жолы Қарсақбай аудандық «Еңбек жолы» газетінде бастау алады. Одан кейін Жезді аудандық «Октябрь туы» газетінде жауапты хатшы, Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде меншікті тілші, Ұлытау аудандық «Ұлытау өңірі» газетінде редактор, Жезқазған облыстық телерадио комитетінде бас редактор, Жезқазған облыстық «Жезқазған туы», «Сарыарқа» газеттерінде редактордың орынбасары қызметтерін абыройлы атқарады.

Өмірлік серігі – қасиетті қаламы Көбейсін Еңсебаевтың қолынан зейнет демалысына шыққаннан кейін де түспеді. «Жезқазғантүстімет» ғылыми-өндірістік бірлестігінде баспасөз орталығының басшысы, Жезқазған облыстық әкімдігінде аудармашы, Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің «Ұлағат» газетінде редактор болып еңбек етті.

Ол – дара дарыны, адал еңбегі мен қоғамдық белсенділігі еленіп, бағаланған, тиісінше, лайықты құрметке бөленген азамат. 1970 жылдан Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. 1993 жылы Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты атанған. Жезқазған қаласының Құрметті азаматы. Бірнеше рет Жезқазған облыстық, Жезді, Ұлытау аудандық, Жезқазған қалалық кеңестерінің Құрмет грамоталарымен марапатталған.

Өлеңдері ұжымдық жинақта жарияланды.1995 жылы «Сырымды айтам» жеке жыр жинағы жарық көрді. «Жезбұлақ» очерктер кітабы, сонымен қатар, әңгімелері мен сықақтары жинақталған еңбегі оқырман игілігіне айналды.

Сөзінен де, ісінен де, өлеңдері мен мақалаларынан да Ұлы Даланың дархандығы үнемі көрініс беруімен ерекшеленген абыз ақсақалдың есімі мен жарқын бейнесі біздің жадымызда сақталады.

Марқұмның отбасы мен туыс-туғандарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз.

Бақұл болыңыз, асылтекті азамат!

С.Медебаев, А.Мырзабеков, М.Оспанов, Ж.Бегаев, А.Қайырбек, Е.Дәуітбаев, Ә.Жандарбеков, Ш.Үмбетов, Қ.Бекілдеков, С.Бектемісов, Е.Әбжамалов, Қ.Мәткенов, М.Машайықұлы, Е.Дүйсенбаев, А.Құрмансейітов.