Өзекті мәселелер – назарда
Аудан әкімі Советбек МЕДЕБАЕВТЫҢ төрағалығымен аудан әкімдігінде аппарат мәжілісі өтті. Оған аудан әкімінің орынбасарлары, мекеме, бөлім басшылары, кент, ауыл әкімдері қатысты.
Алдымен, аудан басшысы Советбек Тұрсынұлы жаңадан сайланған Жезді кентінің әкімі Мұратбек Жұмабековті, Қаракеңгір ауылының әкімі Жалғас Төрені, Егінді ауылының әкімі Марғұлан Әлмағанбетовті және аудандық құрылыс бөлімінің жаңа басшысы Асылхан Әлімсейітті актив мүшелеріне таныстырды. Сонымен қатар, «Сарыарқаның көшпелі мәдениеті» фестивалінің қорытындысына сәйкес, Қарсақбай, Терісаққан, Байқоңыр, Қаракеңгір өнерпаздар ұжымына, Мәкен Төрегелдин атындағы Жезді тау-кен және балқыту ісі тарихи музейіне Алғыс хат пен 100 мың теңгенің сертификатын табыстады.
Мәжіліс жұмысында аудан көлемінде республикалық, облыстық және аудандық дәрежедегі жолдардың қысқы мезгілде күтіпұстау, 2021-2022 жылдарға қысқы жылу беру маусымының өту барысы туралы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бақтияр Пардабеков баяндады. Тұңғыш Президент күні мен Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында өткізілетін мерекелік іс-шаралар жөнінде аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Азамат Каренов хабарлама жасады.
Жиын түйінінде аудан әкімі кент, ауыл әкімдеріне жолды күтіп ұстауды, жұмыстарды мердігерлерменбірігіп ұйымдастыруды тапсырды. Аудандағы білім ошақтары мен клуб үйлерінің жылу беру маусымының өту барысы жайында да тапсырмалар берілді.
Сонымен қатар, аудан бойынша вакцина алу жұмыстарын ширатуды кент, ауыл әкімдеріне жүктеді.