Қасымға – құрмет

Жуырда аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен қазақ поэзиясына өзіндік өршіл үнімен, сыршыл жырларымен үн қосқан дауылпаз ақын – Қасым Аманжоловтың 110 жылдығына арналған «Дүниеге келер әлі талай Қасым…» атты Қасым оқулары шымылдығын түрді.

Айтулы додаға Жезді, Шеңбер, Ұлытау өңірлерінен 15 пен 37 жас аралығындағы үміткерлер қатысты. Биылғы байқау «Қасым жырларын жатқа оқу» аталымы бойынша өткізілді. Байқауға қатысушылар бір күн бойы Қасым мұраларының қайсар рухын жаңғыртты. Олардан жаттаған өлең санына байланысты әр жырдың басы, ортасы және соңынан сұралды. Ұлағатты шарада мектеп мұғалімдерінен бастап, әлеуметтік сала мамандары, орта, жоғарғы сынып оқушылары жарысып, Қасым поэмаларын, өлеңдерін жатқа оқыды. Талантты жастар ақынның отты жырларын нақышына келтіре оқып, көрерменге тамаша рухани әсер сыйлады. Осы кезде Қасымның жалынды жырларын жатқа оқып жатқан қатысушылардың көзінен ұшқынды байқадық. Өр талантты ақынның батыл ойлы, сыншыл да сырлы поэзиясы бүгінгі ұрпақтың да жүрегіне терең із қалдырған сияқты. Себебі, Қасымның таңдаулы толғаныстарын жырқұмар қауымның жатқа білуі, ғасыр өтсе де әрбір жаңа ұрпақпен бірге жаңғыра қайталануы — ақынның қайталанбас дарындылығының, ой тереңдігі мен сезім мықтылығының дәлелі. Осыған қарағанда, Қасым жырлары қазақ поэзиясының парасаты мен әлеуетін көрсеткен айтулы құбылыс. Сондықтан ақын өлеңдерін өз мәнінде жеткізуге қатысушылар да барынша тырысып бақты. Бірақ, байқаудың аты – байқау. Жеңіс бар жерде жеңілістің болатыны айқын. Бұл – табиғи заңдылық. Байқау барысында қатысушыларға зор талап қойылды. Ең бастысы, ақын шығармаларын жатқа оқу, сахна мәдениетін сақтау, дауыс ырғағын жеткізу шеберлігі тағы да басқалары бар. Осының бәріне құлақ түрген қазылар тарапы үміткерлердің өнерін бағалап, қорытындысын шығарды. Әуелі, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің әдіскері Гүлбақыт Қалиева жылы лебізін білдіріп, қазылар алқасының ұйғаруымен ынталандыру сыйлықтарын Гүлдана Төребай, Ақниет Бектұр, Аружан Құсайын, Гүлназия Құрманбаеваға, табыстады. Үшінші орын Жезді аралас мектеп-интернатының 8 сынып оқушысы Ақбота Ибаділдаға бұйырды. Екінші орынды №1 Ұлытау орта мектебінің 9 сынып оқушысы Ақбота Есенғабыл еншіледі. Көпшіліктің көңілінен шыққан №2 Қорғасын орта мектебінің 10 сынып оқушысы Аяла Сартай бірінші орынды жеңіп алды. Қасым өлеңін жатқа оқып қана қоймай, актерлік шеберлігімен тәнті еткен №1 Ұлытау орта мектебі биология пәнінің мұғалімі Айжан Бимағанбет Бас жүлдені қанжығалады. Оның құлаққа жағымды дауыс мәнері тыңдарманды таң қалдырды.

Жүлдегерлер мен жеңімпаздардың әрқайсысы Алғыс хат пен ақшалай сыйлықтарға ие болды.