Ұлытаулық қариялар «Жошы хан» кешеніне арнайы сапармен барды

«Ұлытау-2019» Халықаралық туристік форумында Мемлекет басшысы Алтын Орданың 750 жылдығын атап өту аясында «Жошы хан» кешенін салу туралы тапсырма бергені белгілі. Міндет мінсіз орындалды. Жуырда Қасым-Жомарт Кемелұлы ТОҚАЕВ тарихи-мәдени нысанға арнайы сапармен келіп, атқарылған іске оң бағасын берді. Қазір Ұлт рухы іспетті орынға атбасын бұрушылар қатары өте қалың. Солардың ортасынан ұлытаулық қариялар да бой көрсетті. Бағалы бастаманың ілкімді негізде жүзеге асуына аудан әкімі Советбек МЕДЕБАЕВ ұйтқы болды.

Аудан әкімі Советбек Медебаев пен аудандық мәслихаттың хатшысы Аманжол Мырзабеков Ұлытау-Жезқазған өңірі үшін ғана емес, жалпы Қазақ елі үшін маңызы аса зор, келешекте туризм саласының серпінді дамуына игі әсерін тигізер нысанға қариялар қауымымен бірге сапарлады.

Ұлт ұлағатының ұстынын сақтаушы үлкендер қауымы алғашқы кезекте Жошы хан кесенесіне бұрылып, рухына құран бағыштады. Бұдан соң тарихи тұлғаның алып ескерткішін, мұражай жәдігерлерін, жорық шатырын және өзге де нысандарды, деректі бейнебаяндарды қызыға тамашалады. Құба жонда бой көтерген бітімі бөлек кешеннің келешекте осы өңірде туризм саласының өркендеуіне өлшеусіз септігін тигізетінін әңгіме өзегі етіп, оның салынуына бастамашы болған Мемлекет басшысының атына алғыстарын білдірді.

– Президенттің Қарағанды облысына сапары барысында тарихи-мәдени кешеннің жай-күйімен танысып, іске қосып бергені кеше ғана. Бұл нысанның салынып, қолданысқа берілуі – Ұлт бесігі саналатын Ұлытау өңірінің одан әрі кемелдене түсуінің кепілі. Осылай деп тұжырым жасауға толық хақылымыз. Себебі, Қазақ хандарының атасы – Жошы ханға тәу етіп, осынау тарихи-мәдени кешенді тамашалауға ынтызар адамдар саны енді арта түседі. «Жақсыны көрмек үшін» демекші, елге еңбегі сіңген аға буын өкілдері – ақсақалдар қауымын арнайы алып келдік. Өздеріңіз байқап тұрғандай, қариялардың көңілдері өте көтеріңкі, бата-тілектерін жаудырып жатыр. Бұл қадамға барғандағы басты мақсатымыз – ұрпақ сабақтастығы, ел мен жердің тарихын танып-білу секілді қастерлі ұғымдарды жас буынның санасында орнықтыра түсу. Бұдан кейін ауылдар мен кенттердегі жасы ұлғайған адамдардың да осында келіп-кетуіне мақсатты негізде ықпал ететін боламыз, – деді Советбек Тұрсынұлы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен аз-кем тілдесу барысында.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ