Қарағанды облысында су тасқыны кезеңіне дайындалуда

Қарағанды облысында су тасқынына дайындық жүріп жатыр. Өңірде су басуға бейім 45 елді мекен бар.

Облыста су тасқынына қарсы іс-шаралар жазда басталды. Жұмыстар республикалық Жол картасы мен облыстық инженерлік жұмыстар жоспары аясында жүргізілуде.

«Қарқаралы, Бұқар Жырау аудандарында қорғау біліктерін нығайту, Қарқаралы ауданындағы Жарлы өзенінің арнасын тазарту, Шерубай-Нұра арнасын санациялау, Бұқар Жырау ауданының аумағындағы облыстық маңызы бар автожолдардағы көпірлерді қайта жаңарту, Нұра, Соқыр, Ақбастау өзендерінің арналарында жағалауды нығайту және түбін тереңдету жұмыстары, автожолдардағы су өткізу құбырларын ауыстыру және басқа да іс-шаралар жоспарланған», – деп хабарлады Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі.

Бұқар Жырау ауданының Ғ. Мұстафин атындағы кентінде Нұра өзенінің құйылысынан 3,6 км ұзындықта қорғаныс білігі тұрғызылып, нығайтылды.

Бүгінгі күні облыстық ТЖД мәліметінше, 2,130 км салу және 22,635 км қорғаныс бөгеттері мен біліктерін нығайту бойынша жұмыстар жүргізілді, өзен арналарының 13,72 км су тасқыны қауіпті учаскелерін санациялау жүргізілді, 2,820 км су бұру арналары салынды және жөнделді, 9,213 км дренаж және су бұру жүйелері тазартылды. 15 учаскеде су өткізу қабілеті ұлғайтылды, жеті гидротехникалық құрылысқа жөндеу жүргізілді.