«Қазақстанда әркім маңызды!»
Ұлттық санақ – өткенге есеп беріп, келешекке нық қадам басуға көмектесетін маңызды шара. 10 жылда бір келетін ірі саяси науқанның жүру барысымен танысу мақсатында ұлытаулық санақшы Әсемгүл АМАНЖОЛҚЫЗЫМЕН сұхбаттасқан едік.
– Халық санағының басталуы – тарихи маңызы бар кезең. Маңызды кезеңнің қазанында қайнап, бел ортасында жүрсіз. Санақтағы қызметіңіз бен міндетіңіз жайлы айтсаңыз.
– Менің санақтағы қызметім – интервьюер қызметі деп аталады. Интервьюер – жалпымемлекеттік статистикалық байқауларды және ұлттық санақтарды жүргізу кезінде респонденттер мен үй шаруашылықтарына сауал салуды жүзеге асыратын адам. ҚР аумағында халық санағын өткізу кезеңінде санақ персоналы ретінде бізге куәлік (бейдж үшін қосымша бет) беріледі. Куәлікте интервьюердің немесе нұсқаушы-бақылаушының суреті болады, сонымен қатар мынадай деректемелер: тегі, аты, әкесінің аты, берілген күні және оның жарамдылық мерзімі, аумақтық статистика органының қолы мен мөрі көрсетіледі. Сонымен қатар халық санағының символикасы бар көк түсті портфель мен көк шарфымыз тағы бар.
– Аудан халқы санақшыны қалай қарсы алуда?
– Мен Көкше өңірінің қызымын. Ұлытауға келін болғаныма көп болмады. Осындай саяси маңызы бар науқанның арқасында Ұлытау халқымен танысу құрметіне ие болып жатырмын. Санақшы ретінде аттаған әр шаңырағым төріне шығарып, сауалдарыма еш қиындықсыз жауап беруде. Ұлытау төңірегін аралап жүргенімізде Талдысай елді мекеніне барып татқан балдай тәтті қымыздың дәмін ұмытпаспын. Жалпы қазақ қонақжай халық қой. Әсіресе, ауылдағы жұрттың пейілі мен ықыласы ерекше. Жұмысымыздың жылдам, әрі сапалы аяқталуы үшін көмектерін аяп жатқан жоқ. Санақшыға да ең керегі сол емес пе?
– Санақ жүргізу барысында қандай да бір кедергілер болды ма?
– Жалпы санақ науқанында әр интервьюердің өзіне бекітілген округтері мен мекен-жайлары бар. Науқан басталардың алдында бізге арнайы сабақ жүргізіліп, жалпыұлттық санақтың жүргізілу тәртібі нақты, әрі түсінікті тілде түсіндірілді. Сондықтан ешқандай келеңсіз жайттар мен кедергілер болды деп айта алмаймын. Ел ертеңі үшін жүргізіліп жатқан тарихи сәттің ортасында болу мен үшін үлкен бақыт. Маған артылған сенім мен зор жауапкершілікті сезінудің өзі ерекше сезім сыйлайды. Дәл мен сияқты отандастарым «Қазақстанда әркім маңызды» екенін сезінсе екен.
– Сұхбатыңызға рахмет!