Қарашаңырақтың қадірлі қариясы
«Қазақ металлургиясының атасы» атанған қарашаңырақ Қарсақбайдың атағы заманында Одаққа ғана емес, тіпті алыс шетелдерге де мәлім болған. Осындағы танымал өндіріс ошағы – мыс қорыту зауытының тарихы тереңде жатыр. Ұлы Отан соғысында жауға атылған әрбір он оқтың тоғызы Қарсақбай мыс қорыту зауытынан шыққан мыстан жасалған екен. Осы зауытта еселі еңбек етіп, ел экономикасының дамуына өзіндік үлес қосқан аға буын өкілдері көптеп саналады. Бүгінде олардың көзі тірісі бейнеттің зейнетін көріп, ұрпақтарының қызық-қуанышына кенеліп отыр. Солардың бірі де бірегейі – 40 жылдан астам уақыт табан аудармай мыс алыбында нәтижелі еңбек еткен Айтқали Айтмағамбетұлы МӘМЕНОВ.
Айтқали 1950 жылы 1 тамызда Қарсақбай кентінде қарапайым шаруаның отбасында дүниеге келген. 1957-1967 жылдары кенттегі Ж.Жабаев атындағы орта мектепте білім алған. Онжылдықты ойдағыдай аяқтаған ол, Жезқазған кентіндегі (Рудник) тау-кен техникумына түседі. 1969-1970 жылдары Кеңес әскері қатарында әскери борышын өтеп келген соң, №55 шахтада жұмыс істейді. Техникумнан «электр механигі» мамандығын алып шыққан Айтқали 1972 жылы Қарсақбай мыс қорыту зауытына электр монтері болып жұмысқа тұрады. Ұжымда өзінің қабілет-қарымын көрсетіп, техникумда алған білімін еңбекпен ұштастыра білген жас жігіт зауыт басшылығының назарына іліккен. Қатардағы электр монтерінен электр механигі, зауыт энергетигі лауазымына дейін көтерілген екен. Құдай қосқан жары, бүгінде арамызда жоқ. Орынбасар жеңгей де зауыттың техникалық бақылау бөлімінде (ОТК), тазарту құрылғысында еңбек етті. Екеуі 3 ұл (біреуі кейінірек қайтыс болды), 2 қыз тәрбиелеп өсірді. Үлкен ұлы Сәбит Жезқазған байыту фабрикасында еңбек етеді. Ғабиті болса Қарсақбайда, үйлі-баранды. Айекең 10 жыл бойы зауыттың кәсіподақ комитетінің төрағасы болып абыроймен қызмет еткен еді. Зауыт басшылығының, заманында Жезқазған тау-кен комбинатының бірқатар марапаттарын иеленген екен. Ал 2013 жылы Қарсақбай мыс зауытының 85 жылдығы құрметіне және зейнетке шығуына орай, «Қазақмыс» корпорациясы Айтқали Айтмағамбетұлына су жаңа «Нива» автокөлігін сыйға тартқан болатын. Айекең бүгінде өзі туып-өскен қарашаңырақ Қарсақбайда, Алла берген ұрпақтарының арасында бақуатты ғұмыр кешуде. Адал жары, немерелерінің әжесі Орынбасар жеңгейдің өмірден тым ертерек озып кеткені болмаса, ауылдастарына сыйлығ ағайынға қадірлі қария қазір. Ақсақалға мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, шаңырағына шаттық пен қуаныш тілейміз.
Рахымжан ӘДЕНҰЛЫ