Қарағандылық Александр Исмаилов полиатлоннан әлем чемпионы атанды

Беларусьте (Могилев қ.) ұлдар, қыздар және юниорлар арасында полиатлоннан халықаралық біріншілік өтті. Аталмыш жарыста қарағандылық Александр Исмаилов әлем чемпионы атанды.

Додаға Қазақстан, Ресей, Беларусь, Литва, Украина, Грузия, Эстония, Молдова және Тәжікстаннан келген 100-ге жуық спортшы қатысты.

Қазақстан ұлттық құрамасында Қарағанды облыстық кешенді спорт мектебінің үш тәрбиеленушісі өнер көрсетті. Олардың бірі – 21 жастағы Александр Исмаилов әлем чемпионы атанды. Спортшыны Анна Широкова жаттықтырады.

100 және 3000 метрге жүгіру, лақтыру, ату, жүзу – полиатлонның барлық түрлерінде Александр үздік нәтижелер көрсетті. Қорытындылай келе, ол 403 ұпай жинап, әлем чемпионы атанды.

Қарағандыдан келген басқа екі спортшы да жақсы өнер көрсетті: Виктор Широков бесінші орынды, Артем Авраменко – алтыншы орынды иеленді.

Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы баспасөз қызметінің ақпараты бойынша