Күн тәртібіндегі өзекті мәселелер
Бүгін аудан әкімі Советбек МЕДЕБАЕВТЫҢ төрағалығымен кезекті аппарат мәжілісі өтті. Жиын карантиндік талаптарға сай ZOOM платформасы арқылы онлайн режимінде өткізілді. Аппарат мәжілісіне аудандық мәслихат хатшысы Аманжол МЫРЗАБЕКОВ, аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, мекеме, бөлім басшылары, кент, ауыл әкімдері қатысты.
Аппарат отырысында бірқатар өзекті мәселелер қаралды. Ауданның жаңа жылу беру маусына дайындығы туралы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бақтияр Пардабеков хабарлама жасады. Бұдан кейін 2021 жылы өтетін халық санағы бойынша аудандық Статистика және талдау бөлімінің басшысы Алмат Сакипов ақпарат берді. Ақпараттандыру жұмыстары жөнінде аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Азамат Каренов те баяндады. Сондай-ақ, аудан бойынша індетке қарсы вакцина алу жөніндегі мәселелер қаралды.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Советбек Тұрсынұлы барлық кент, ауылдық округтерінің жылу беру маусымына байланысты туындап тұрған мәселелерді сұрап, шешілу жолдарын талқылады. Аудан басшысы аудан бойынша онлайн жүргізіліп жатқан халық санағына дайындық жұмыстарын ширату керектігіне ерекше мән берді. Ақпараттандыру жұмыстарын ретке келтіру жөнінде кент, ауыл әкімдеріне нақты тапсырма берді. Сондай-ақ, індеттің таралуының алдын алуға байланысты түсіндірме жұмыстарын, оның ішінде, екпе алуды ширатуды міндеттеді.