Елімізде жиын-той өткізуге ресми рұқсат берілді

Қазақстанда пандемия басталғалы алғаш рет той өткізуге рұқсат берілді. Алайда тойханаларға Ashyq-та статусы «қауіпсіз» қонақтар ғана кіргізіледі.

«Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақтанғанын, соңғы екі аптада сырқаттанушылық пен өлім-жітім деңгейі 60%-ке төмендегенін айтты. Осыған байланысты 27 қыркүйектен бастап «Ashyq» бойынша «қауіпсіз» мәртебесі бар қызметкерлер мен келушілердің қатысуымен келесі іс-шараларды өткізуге рұқсат етіледі», — делінген COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның хабарламасында.

Атап айтқанда, салтанатты, еске алу және отбасылық шараларды (банкет, үйлену тойы, мерейтой) өткізуге рұқсат беріліп отыр.

«Жасыл» аймақта тұрған өңірлерде зал 50%-ке дейін ғана толуы керек, 100 орыннан аспауы шарт.

«Сары» аймақта да 50%-ке дейін, 70 орыннан аспауға тиіс.

«Қызыл» аймақта 50%-ке дейін, 50 орыннан аспауы керек.