Елімізде телефон коды өзгереді

Елімізде телефон коды +997 болып өзгереді. БҰҰ жанындағы халықаралық электр байланыс одағы Қазақстан үшін осындай дэф кодты белгілеген. Бұл туралы министр Бағдат Мусин хабарлады. 

— БҰҰ жанындағы Халықаралық электр байланыс одағы Қазақстанға жаңа +997 дэф кодын белгіледі. Енді біздің елден басқа мемлекетке қоңырау шалғанда, шетелдіктердің телефонында Қазақстан деген жазу шығады. Сондай-ақ халықаралық деңгейдегі цифрлы сервистерді қолданғанда да, барлық жерде Қазақстан деген сигнал шығады, — делінген министр мәлімдемесінде.

Оның айтуынша, КСРО аумағында қолданыста болған +7 телефон коды бүгінге дейін Қазақстан мен Ресейге ортақ болып келген еді. Министрлік өз алдымызға дербес код алу бағытында ауқымды жұмыстар жүргізген. Нәтижесінде, Қазақстан үшін дербес +997 коды бекітілді. Енді тиісті құжаттар рәсімделіп, оған көшу бағытындағы жұмыстар атқарылуда.