Елге сүйіспеншілігі ерекше еді
Ұлт ұясының қадірлі ақсақалы, ел ағасы, Ұлытау ауданының Құрметті азаматы Жақия Садықұлы ағамыздың дүниеден озғанын өз басым қатты қайғыра, күйзеліспен қабылдадым. Үлкенге – аға, кішіге іні бола білген елінің ардақтысы өзінің саналы ғұмырын өз ауданының мәдениетімен экономикасын көтеруге жұмсағаны көз алдымызда.
Өзім аудан әкімі болған жылдары Жақаңның таза адами қадір-қасиеттерін, танымын мемлекет жұмысына деген жауапкершілігін, ұқыптылығын, еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін ерекше сезінген болатынмын. Ағамыз сонысымен де халықтың ықыласына бөлене білді. Зейнетке шықса да, ауданның Қоғамдық кеңесіне басшылық жасап, өмірінің соңына дейін кейінгі ұрпаққа ақыл-кеңес, бағыт-бағдар бере білді. Ауданның қоғамдық-саяси жұмыстарының бел ортасында жүрді.
Ия, уақыт, тағдыр бізді абзал ағадан айырды. Осы азалы хабарды ести отырып, Зүбәйра анамызға, Жақаңның балаларымен туған-туыстарына орны толмас қайғыларын бөлісіп, көңіл айтамын.
Ағамыздың жатқан жері жарық топырағы торқа болғай. Соңында қалған отбасы мен жақындарына бір Жаратушы ием жақсы да жарқын күндерді нәсіп еткей!
Қимас ағаға деген шынайы бауырлық пейілмен,
Рысқали ӘБДІКЕРОВ,
ҚР Парламенті Сенатының депутаты.