Ерлікке – лайықты марапат
Биылғы дала өрттері аудан халқын айтарлықтай әбігерге салғаны белгілі. Тілсіз жау 7 ауылдық округ аумағында орын алып, төтенше жағдай жарияланған болатын. 4 шілде күні Қоскөл ауылы маңындағы алапат өртті сөндіру кезінде ерікті өрт сөндірушілер қатарында болған 23 жастағы Бейбарыс ЕСКЕНДІР көз жұмған еді.
Жақында Қоскөл ауылының клубында өткен жиында облыстық ТЖД ӨСжАҚЖҚ №2 жасақ бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Бектемір Құдайбергенов, аудан әкімі аппаратының басшысы Ержан Дәуітбаев, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Нұрбек Сабағанов, ауыл әкімі Қалдыбек Кәкімжанов және ауыл тұрғындары өндірдей жастың ерен ерлігін еске алды.
Жиынды ауыл әкімі Қалдыбек Кәкімжанов ашып, сөз тізгінін Бектемір Құдайбергеновке берді. Ол орын алған дала өртін ауыздаудағы азаматтардың жанқиярлық қимылдарын айрықша атап өтіп, марқұм Бейбарыс Ескендірдің әкесі Құлжанбай Қожахметовке Төтенше жағдайлар министрлігінің «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» төсбелгісін табыс етті.
Сонымен қатар, дала өртін сөндіруге белсене қатысқан ауыл тұрғындарыҒалым Әлімбеков, Ерболат Сыздықов, Нұржан Мақашов, Бекзат Дүйсенов, Жүзбай Нұртазинов және Ерболат Жүнісов аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Марапатты аудан әкімі аппаратының басшысы Ержан Дәуітбаев тапсырды.
Жасұлан АЯШЕВ,
ҚОСКӨЛ ауылы.