Жас боксшыларға құрмет көрсетілді
Жуырда Араб әмірліктерінде бокстан жастар мен жасөспірімдер арасында өткен Азия чемпионатында Қарсақбай кентінің тумасы Дамир БАЙПАҚОВ өз салмағы бойынша чемпион атанған болатын. Ал,Татарстан астанасы Қазан қаласында өткен ТМД елдері спорттық ойындарында өз салмақ дәрежесінде боксшы, Жезді кентінің тумасы Мадияр ОТАР ІІІ орын алса, қыздар арасында жезқазғандық Анита АДИШЕВА чемпион атанды.
Бейсенбі күні аудандық спорт кешенінде ел мерейін үстем еткен сайыпқырандармен кездесу өтті. Кездесуде аудан әкімі Советбек Медебаев жас боксшыларды кезекті жеңістерімен ақжарыла құттықтап, дәйім сәттілік серік болуын тіледі. Дамир Байпақовқа 200 мың теңгенің сертификатын берсе, Мадияр Отар мен Анита Адишеваның әрқайсына 150 мың теңгенің сертификаттарын тапсырды. Алғыс хатпен марапаттады.
Сондай-ақ, Советбек Тұрсынұлы Ұлытау аймақтық бокс федерациясының директоры Саят Балмағанбетов пен боксшылардың жеке бапкерлеріне де Алғыс хаттар тапсырып, үш тілде жарық көрген «Қасиетті Ұлытау» кітабын тарту етті.
Делегация жетекшісі Саят Сәбиұлы жас боксшылардың жетістіктерін «жіліктей» сипаттап, аудан басшылығынамеймандос пейілі үшін риясыз ризашылығын білдірді.
Шаршы алаңның жас шеберлері өздерінің әр деңгейлі жұдырықтасулары жайлы кеңінен әңгімелеп, ұлытаулық балғын боксшылардың сауалдарына жауап берді.
Жасұлан АЯШЕВ