Тиісті өзгерістер енгізілді
Аудандық мәслихаттың хатшысы Аманжол МЫРЗАБЕКОВТЫҢ төрағалығымен өткен Ұлытау аудандық мәслихатының кезектен тыс VII сессиясына аудан әкімі Советбек МЕДЕБАЕВ қатысты. Мемлекеттік мекемелер мен бөлімдердің басшылары, кенттер мен ауылдық округтер әкімдері ZOOM платформасы арқылы байланыста болды.
Депутаттардың басты жиынында аудан әкімдігінің аппараты мен өзге де мемлекеттік құрылымдарда орын алған кадрлық өзгерістерге байланысты «Ұлытау ауданы әкімдігінің дербес құрамына келісім беру туралы» мәселе күн тәртібіне қойылды. Сонымен қатар, аудан әкімдігі жанындағы бірқатар комиссиялар, ведомствоаралық комиссиялар мен кеңестер құрамын жасақтауға қатысты аудандық мәслихат сессияларының бұрынғы шешімдеріне тиісті өзгерістер енгізу жөніндегі сауалдар қаралды.
Аталған сауалдарға байланысты аудан әкімінің орынбасарлары мен аудандық салалық бөлімдердің басшылары хабарлама жасады.
Мандат иелері аталған ұжымдық талдамалық жұмыс құрылымдарының құрамын егжей-тегжейлі зерделеп, мақұлдады.
Сессия соңында Советбек Тұрсынұлы ауданның қазіргі таңдағы ахуалына қысқаша шолу жасады. Мемлекет басшысының жаңа Жолдауынан туындайтын міндеттер мен оларды жүзеге асыруға қатысты ой-пікірлерімен бөлісті.
Өз тілшімізден.