Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қарағанды облысындағы эпидемиологиялық ахуал туралы айтты
Қарағанды облысында КВИ-мен сырқаттанушылықтың күн сайынғы өсуі азаюда. Бүгінгі күні өңірдің инфекциялық стационарларында 1 705 адам емделуде. Жан сақтау бөлімшелерінде 78 пациент бар, олардың 10-ы ӨЖЖ аппараттарына қосылған.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн-брифингте Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гамаль Тоқсамбаев мәлімдеді.
– Аурушаңдықтың өсуі азайып келеді. Күн сайын 300-ден астам жағдайды тіркейміз. Осының негізінде төсек қуаттылығына жүктеме төмендеді және қазір 25% құрайды. Өткен екі аптамен салыстырғанда біз төсек-орын қорын 1 433 орынға қысқарттық. Бүгінгі таңда облыстың барлық жұқпалы аурулар госпитальдарының төсек сыйымдылығы 4 246 құрайды, – деп атап өтті Гамаль Тоқсамбаев.
Оның айтуынша, барлық инфекциялық стационарлар қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген, ӨЖЖ-аппараттары мен оттегі концентраттары жеткілікті. Орталықтандырылған оттегімен 26 медициналық ұйым жабдықталған.
– Облыста қосымша 25 компьютерлік томография кабинеті ашылды. 10 ПТР-зертхана тәулігіне 15 мыңнан астам ПТР-зерттеулер жүргізе алады, – деп атап өтті спикер.
Өңірде екпе науқаны жалғасуда. Бүгінгі күні облыста тұрғындардың 57%-ы (435 538 адам) толық егілді. Бірінші компонентті 506 454 адам алды.
– Вакцинация әзірге пандемиямен күресудің жалғыз әдісі болып табылады. Сондықтан халықтың қажетті иммундық қабатын неғұрлым тез ұйымдастырсақ, пандемияны соғұрлым тезірек жеңеміз. Тағы да барлық тұрғындарды вакцинациядан өтуге және санитарлық нормаларды сақтауға шақырамын, – деді Гамаль Тоқсамбаев қарағандылықтарға.