Журналист, ақын һәм тәлімгер
Газет тарихы, оның редакторлары жайлы әңгіме қозғағанда Көбағаң – Көбейсін ЕҢСЕБАЕВ бірден еске түседі. Оған негіз де жоқ емес. Өйткені Көбекең «Ұлытау өңірі» газетінің екінші тынысын ашқан атпал азамат, журналист, ақын һәм тәлімгер.
Көбекеңнің журналистикадағы жолы Ұлытау-Жезқазған өңірінде сайрап жатыр. Ол әр жылдарда әр түрлі деңгейдегі газеттерде қызмет атқарды. Соның ішінде ол өзінің Ұлытау аудандық «Ұлытау өңірі» газетін қалай ашып, қалай құрғанын, оны қалай аяғына тұрғызғанын жырдай етіп айтып отырады.
1972 жылы Ұлытау өз алдына дербес аудан болып ашылды да, сол жылы облыстық партия комитетінің ұйымдастыру пленумы өтті. Оған сол кездегі облыстық «Социалистік Қарағанды» газетінің Жезқазған-Ұлытау өңірі бойынша меншікті тілшісі Көбейсін Еңсебаев та қатысты. Осының алдында ғана жаңа ауданның басшылары Мейрам Абақанов пен Сабыржан Досанов Көбағаңа аудандық газетті басқаруға қалай қарайсың деп ой тастап жүрген еді. Ұйымдастыру пленумында аудандық партия комитетінің органы – аудандық газет комитетінің бюросында газеттің аты «Ұлытау өңірі» деп аталатын болып, арнайы қаулы да шықты.
– «Генерал болуды армандамайтын солдат болмайды» демекші, редактор болуды ішіміз қаласа да оның жұмысының осыншалықты ауыр боларын онша ойламадым ба, қиындықтарға кезіккенде біраз қиналдым. Бірақ, аудан басшылары шынайы қолдау, көмегін жасады. Тіпті, Жезқазған қаласынан редакцияға деп баспана да тауып берді. Кейін ол Жезқазған облыстық «Жезқазған туы» газеті редакциясының балансына өтті де, мен Ұлытауға келдім. Осы жерде жүріп баспахана құрылысын бастадым. Оны Қапет Әбілов деген азаматқа тапсырдым. Редакцияға Батырбек Мырзабеков, Асанәлі Тәліпов, Бәтняз Қалиев, Болат Дәулетияров, Мағзұмбек Машайықов, Шахмаран Ысқақов, Сұлтан Әлиев деген жігіттерді алдым. Әрине, бұлардың бәрі бір күнде келген жоқ. Әуелі Батырбек, Мағзұмбек, Асаналі төртеуіміз жүріп алғашқы нөмірді шығардық. Оны облыстық партия комитетінің басшыларынан бастап аудандық партия комитетінің басшыларына дейін жеке-жеке конвертке салып жібердік, – деп еске алады Көбағаң сол бір қызығы мен қиындығы алмағайып түсіп жатқан жылдарды еске алып.
Көбейсін Еңсебаев өзі ашқан «Ұлытау өңірі» газетін үш жыл басқарды. 1975 жылы Жезқазғанға ауысты да, оның орнына Төрехан Оразбеков бас редактор болып келді. Одан кейін газетті қырық жылға жуық Мағзұмбек Машайықов басқарды. Үшінші мың жылдықтың басында басшылық қызметке Елтынды Дүйсенбаев келді. Қазір газет тізгіні Ахат Құрмансейітовтың қолында. Бір ғажабы, осы редакторлардың бәрі Көбағаңның тәлімін көріп, тәжірибесін үйренген шәкірттері.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ