Көкейтесті мәселелер көтерілді
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 1 қыркүйек 2021 жылғы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауы – ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық торқалы тойы қарсаңында жарияланып отыр.
Жолдауда Тәуелсіз Қазақстанның қарыштап дамуына, өсіп-өркендеуіне қазіргі алмағайып заманда аса қажетті шаралар сараланған. Мемлекет басшысының Жолдауындағы халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бес бастамасы көңілге қонымды болып шықты. Алғашқы бастамасындағы 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап, ең төменгі жалақы мөлшері қазіргі 42.500 теңгеден 60.000 теңгеге дейін көтерілетіні халықтың ризашылығын иеленіп отыр.
Сонымен қатар ел Президенті азаматтарымыз үшін қашанда ең өзекті мәселе – тұрғын-үй екенін айта келе, «Баспана хит», 7-20-25 сияқты тұрғын-үй бағдарламаларының мерзімі таяу арада аяқталатынын, нарықтық ипотека ставкасы әлі де жоғары және жұрттың бәріне қолжетімді емес екенін де атап өтті. Осыған орай, «бір терезе қағидаты» бойынша есеп жүргізетін «Отбасы банк» әміршісі болатын бірыңғай тұрғын-үй бағдарламасы әзірленетінін жеткізді. Жалпы алғанда, биылғы Жолдау – халыққа жасалатын қамқорлық пен кешенді көмекке толы. Тәуелсіз Қазақстанымыздың одан әрі дамуына бастар тарихи құжаттың жасампаздығы да, міне, осында.
Айтқали МӘМЕНОВ,
зейнеткер.