Көңілге қуаныш ұялатты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1 қыркүйекте Қазақстан халқына арнаған Жолдауы тұтастай көңілге қонымды, орамды ойлардан түзілген. Сәрсенбінің сәтінде жолданған Жолдаудың халықтың жаппай қолдауына ие болғаны сөзсіз. Өйткені ел Президенті көтерген мәселелер Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуына, халықтың тұрмыстық хал-ахуалының жақсаруына ықпал ететініне ел сенімді. Әсіресе, еліміздегі аграрлық саланы дамытуға бағытталған шаралардың маңыздылығы нақты айтылған.

Биылғы жаз ыстық әрі жауын-шашынсыз болғаны белгілі. Дарқан даламыз қуаңшылыққа ұшырап, аудан аумағында дала өрттері орын алды. Ауданымыздағы шаруа қожалықтары, фермерлік шаруашылықтар айтарлықтай шығынға батты десек, артық айтпағанымыз. Шабындықтар мен жайылымдардың едәуір бөлігі өртеніп кеткендіктен, мал өсірушілер қауымы қысқа жем-шөп қорын әзірлеуде қиындықтар туындап отыр.

Жолдауда ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің бағаны тұрақтандыруы, бақылау жасауы, байыпты шаралар қабылдауы жайлы оралымды ойлар айтылған. Субсидиялау тәсілдерін қайта қарап, тұрақтандыру мақсатында, нормативтік негізін нығайтып, тиімді жоспарлау және мониторинг жүргізу жүйесін енгізу де бар. Мемлекет басшысының өз Жолдауындағы «Мен биыл ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге және олардың қатысы бар компанияларға сатуға және жалға беруге біржола тыйым салған заңға қол қойдым» деген сөздері көңілге қуаныш ұялатты!

Жамсап ӘШЕНОВ,

 Сарысу ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы.