«Абайлаңыз, балалар!»
Ұлытау ауданы аумағында жаңа оқу жылы қарсаңында балаларды жол ережесімен таныстыру және жол-көлік апатының алдын алу, көшелер мен жолдарда қауіпсіз жүріс-тұрыс дағдыларын нығайту мақсатында жергілікті атқарушы органдар мен денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарымен бірлесіп, екі кезеңнен тұратын «Абайлаңыз, балалар!» атты жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті.
Аталмыш іс-шара 23 тамыз бен 9 қыркүйек аралығында аудан көлемінде атқарылды. Балалардың жол-көлік оқиғаларына ұшырау себептері мен мән-жайларын зерттеу, мектепке бару-қайту жолдарын, балалар жиі баратын орындардағы қауіпсіздікті алға тартқан шараға полиция қызметкерлері мен мектеп оқушылары қатысты.
«Бала – біздің болашағымыз. Оларды қауіп-қатер мен сыртқы күштерден қорғау – қоғамның басты міндеті. Жол ережелерін сақтауды үйретіп, асығыстыққа, салғырттыққа жол бермеуді осы бастан саналарына құюымыз керек»,- деді ұйымдастырушылар. Бұл көлік жүргізушілеріне де қатысы бар іс-шара. Себебі, мектеп, балабақша тұсынан, жаяу жүргіншілер жолағынан өткенде бұрынғы сақтықтан екі есе абай болғандары жөн. Мұндай акциялар әлі де өткізілетін болады. Сіз бен біздің өміріміз үшін жол жүру ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз.
Ұлытау ауданының полиция бөлімі.