Руслан Борисович ЮН

Ұлытау-Жезқазған өңірінің дамуына айтарлықтай сүбелі үлес қосқан кен-металлургия саласының майталман маманы, қайраткер тұлға Руслан Борисович ЮН фәни-жалғаннан бақи-дүниеге озды.


Руслан Борисович 1953 жылы Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданында дүниеге келген. Ол 1975 жылы Қарағанды мемлекеттік политехникалық институтын тәмамдаған соң еңбек жолын Шығыс Жезқазған кенішінде қарапайым кенші болып бастады. Осы кеніште шебер, учаске бастығы, бас инженер, шахта бастығы болып, кейін Шығыс Жезқазған, Оңтүстік Жезқазған кеніштерінің директоры қызметтерін абыройлы атқарды.
1993-1995 жылдары «Жезқазғантүстімет» ӨБ өндіріс жөніндегі директоры, 1995-1997 жылдары «Жезқазғантүстімет» АҚ басқарушысының бірінші орынбасары, 1997-2000 жылдары «Қазақмыс» корпорациясы» АҚ бірінші вице-президенті, 2000- 2006 жылдары «Қазақмыс» корпорациясы» АҚ директорларкеңесінің бірінші вице-төрағасы, бас басқарушы, басқарма төрағасы сынды қызмет сатыларынан өтті.
2007 жылдан бастап, өзі іргесін қалаған EWW GmbH (Хеттштедт, Саксония-Ангальт) инвестициялық компаниясын басқарды. 2008 жылы PetraluxeGmbH компаниясын құрып, өмірден озғанға дейін аталған компанияның президенті болды.
Руслан Юн өндірісте жүріп, ғылыми ізденістен де бір сәткеқолүзбеді. Ол 34 өнертабыс пен патенттің, тау-кен өнеркәсібі саласындағы оннан астам ғылыми мақаланың авторы. «Кен қыртыстарын қайта өндіруде тау-кен қысымын басқару әдістемелерін негіздеу» тақырыбында докторлық диссертация қорғаған.
Қайраткер азамат қалың қауымға адалдық, еңбекқорлық қасиеттерімен үлгі бола білді. Руслан Борисович Ұлт ұясы – Ұлытаудың өркендеуі мәселесіне көп көңіл бөліп, қажетті жағдайда көмек қолын созудан ешқашан бас тартпағаны дүйім елге жақсы мәлім. Менмендіктен ада, тәкаппарлықтан таза азаматтың алдына өңірдің кез келген тұрғыны өзін толғандыратын сауалымен бару мүмкіндігін иеленген еді. Ол осы қарапайым қалпымен өңір жұртшылығы алдында үлкен бедел мен адами абыройға бөленді.
Марқұмның отбасы мен туыс-туғандарына қайғыларына ортақтаса отырып, көңіл айтамыз.
Қайда жүрсе де, Ұлытауды ұлықтаған, Ұлт бесігінің қадірі мен қасиетін ұмытпаған ардақты жанның есімі мен бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады.

 С.Медебаев, А.Мырзабеков, М.Оспанов, Ж.Бегаев, Е.Дәуітбаев, Ж.Садықов, Ә.Жандарбеков, Ш.Үмбетов, Қ.Бекілдеков, С.Бектемісов, Е.Әбжамалов, М.Мәткенов, А.Құрмансейітов.