Халық қыста қысылмайды

Ауданымыздың шалғайда жатқан ауылдарының бірі – Қоскөлде қысқа қамдану бойынша шешімін күткен мәселелер бар сыңайлы. Оны ауылдық округ әкімі Қалдыбек Кәкімжанов бүкпесіз жеткізді…

 – Күрделі мәселе – ауыл ішіндегі электр желілерінің жай-күйі болып отыр.Тозығы жеткен сымдар жел соқса үзіліп, елдің берекесін кетіреді. Ал оны жөндеуге бұл іске жауапты мекеме қауқарсыз болып отыр, – дейді Қалдыбек Кәкімжанов.

Округ әкімінің айтуынша, ауылды шөп мәселесі де алаңдатады. Биыл ауыл бойынша 17 мың тонна шөп дайындалуы керек. Алайда, ауа райының қуаңшылығына байланысты шөптің шығымы тым төмен болған. Көктемде су түспей, шабындықтар кеуіп кетіп, бүгінгі күні 8 мың тонна шөп дайындалыпты. Сырттан 2 000 тонна шөп жеткізілген. 3 мың тонна жантақ қазан айына дейін шабылады деп күтілуде. Осындай алмағайып тұста былтырғы жылдан қалған 4 мың тонна шөп дәтке қуат болып отыр.

 – Әлеуметтік нысандардың отынмен қамтамасыз етілуі де баяу да болса, жүріп жатыр. Биыл мектепке – 250 тонна, балабақшаға – 70 тонна, клубқа – 40 тонна, әкімдікке – 20, ФАП-қа 10 тонна көмір түсуі қажет. Қазір осы бағыттағы жұмысты ширату талабын қойып отырмыз, – дейді ауыл басшысы.

Мектептің жылу қазандығының пеші осы қыркүйек айында орнатылуы тиіс. Ауылдағы су мұнарасына күрделі жөндеу жүргізу де осы айда күтілуде. Оған бюджеттен 9 млн. теңге бөлініпті, мердігер де анықталған.

«Көңілге бір медет болары – тұрғындардың көмірмен қамтамасыз етілуі. Халықтың 70 проценті теміржолда жұмыс істейді. Бұл дегеніміз әр үйден 1-2 адам станцияда жүр. Оларға Қазақстан темір жолы мекемесі еңбекақылары есебінен көмір береді. Кейбір отбасылар отынды Қияқты көмір кенішінен алып жатыр. Ондағы көмір бағасы – Шұбаркөлдікінен де қолжетімді. Қысқасы, халық қыста қысылмауы тиіс», – дейді ауыл әкімі.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

ҚОСКӨЛ ауылы.