Көмір түсті. Шөп бар. Жол жөнделуде

Бұл – Борсеңгір ауылының бүгінгі ахуалының сипаттамасы. Ауылдық округ әкімі Бауыржан Әлімбектің айтуынша, ауылдың алдағы қысқа қамданысы көңілге қонымды деп тұжырымдауға болады.

 – «Қыс – қатал сыншы» дейді ғой шаруа баққан халық. Сондықтан да оған ерте бастан қапысыз қамданады. Біздің Борсеңгір ауылының тұрғындары да осы үрдістен жаңылған емес. Округтің әлеуметтік маңызы бар нысандары алдағы жылу беру маусымына 100 процент әзір. Атап айтар болсам, мектеп – 250 тонна, ФАП – 15 тонна, клуб үйі – 40 тонна, әкімдік 20 тонна көмір түсіріп алды. Жылу қазандықтары да талапқа сай жөндеуден өтті.

Ауыл тұрғындарына көмір түсіру жұмысы алдағы қазан айында басталады. Бұл міндетті жекеменшік көлігі бар жергілікті кәсіпкерлер мен көршілес Теректі ауылындағы кәсіпкер азаматтар мойындарына алып отыр. Әрине баға келісім бойынша, – деді ауыл әкімі бізбен әңгімесінде.

Бауыржан Әлімбекұлының айтуынша, халықты мал азығымен қамтамасыз ету де оң шешімін тапқан сыңайлы. Жалпы, бұл шаруамен ауылдағы 6 шаруа қожалығы айналысатын көрінеді. Биыл округ бойынша 8 255 тонна шөп дайындау жоспарланса, оның 3 105 тоннасы ауыл орталығындағы тұрғындарға түсіріледі. Бүгінгі күні шөптің бір тюгі 600 теңгеден бағалануда. Қазір ауыл тұрғындарының 60 проценті шөп түсіріп алған.

 – Биылғы жылғы басты жұмыстарымыздың бірі де бірегейі – ауылдың 2 көшесінің жолы жаңғыртылып, асфальт төселуде. Онымен «Жол құрылыс өнімі» ЖШС айналысып жатыр. Жұмыс қазан айында аяқталады деп жоспарлап отырмыз, – дейді ауыл әкімі.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

БОРСЕҢГІР ауылы.