Ауылдардың тынысымен танысты
Өткен аптада аудан әкімінің орынбасары Жомарт БЕГАЕВ біркүндік жұмыс сапарымен Борсеңгір және Сарысу ауылдарында болды. Сапар барысында ауылдардың тыныс-тіршілігімен танысып, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан көше жолдарын жөндеу жұмыстарының деңгейімен танысты.
Аудан әкімінің орынбасары алғашқы кезекте Борсеңгір ауылындағы Қазақстан, Ардагерлер көшелеріндегі асфальт төсеу жұмыстарының барысын зерделеді. Бұл жұмысты «Жол құрылыс өнім» ЖШС атқаруда. Сондай-ақ, ауылдағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын да бағамдады.
Бұдан кейін Жомарт Сәбитұлы жұмыс сапарын Сарысу ауылында жалғастырды. Сәтбаев көшесін асфальттау жұмыстарын көріп, мердігерлермен пікірлесті. Мұнда жұмысты мердігер ұйым – «ART STROY» ЖШС жүргізіп жатыр. Сонымен қатар, электр жарығы, ауызсу, жылу беру мәселелерін де назардан тыс қалдырмады.
Сапар соңында сарысулық ақсақалдармен кездесіп, әңгімелесті. Ауылдағы түйткілді мәселелердің түйінін тарқату бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғаса беретінін мәлімдеді.