Шаруалар өкілдерімен кездесті
Аудан әкімі Советбек МЕДЕБАЕВ өңірдегі бірқатар шаруа қожалық иегерлерімен мақсатты кездесу өткізіп, оларды толғандыратын жайттарға құлақ түрді. Көтерілген мәселелерді оңтайлы шешу жолдарын егжей-тегжейлі талқылады. Кездесуге облыстық шаруа қожалықтары қауымдастығының төрағасы Қуандық ТҮСІПОВ, сондай-ақ, салаға тікелей қатысы бар мекемелер мен бөлімдердің жауапты қызметкерлері қатысты.
Кездесудегі өзінің кіріспе сөзінде аудан басшысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған жаңа Жолдауында ауыл шаруашылығы саласы бойынша айтылған міндеттер мен тапсырмаларға айрықша тоқталып, соған сәйкес атқарылатын жұмыстар тізбегіне, олардан күтілетін нәтижелерге сипаттама берді.
Басқосуда қозғалған мәселелер бойынша аудандық ветеринариялық станцияның басшысы Серік Тәшенов, аудандық ветеринариялық инспекция бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бекзат Жанкелді, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Қайрат Сакипов, аудандық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Болатбек Есназаров өздері жауапты салаларда атқарылған және жүргізілуі тиісті жұмыстар жөнінде хабарлама жасады.
Екіжақты өзара түсіністік ахуалы үстемдік құрған жүздесу кезінде шаруа қожалықтарының иегерлері өздерін толғандыратын сауалдарды бүкпесіз ортаға салып,тұщымды жауаптар алды.
Жиын қорытындысында Советбек Тұрсынұлы шаруа қожалықтары иегерлеріне шөп және ет бағасын тұрақтандыруға қатысты ұсынысын білдірді. Ол сонымен қатар, бұл мәселелер төңірегіндегі жиындар алдағы уақытта да өткізіле беретінін мәлімдеді.
Жасұлан АЯШЕВ